Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында қоғамдық бірлестік құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мақсат – әр өңірдегі қыз-келіншектерді бизнеске үйрету. Қазірдің өзінде бұл бірлестікте еліміздің 300-ден астам әйелдері тіркелген. Жоба аясында жұмыссыз немесе үй шаруасындағы нәзікжандылар түрлі іске дағдыланып, шеберлік сыныптары мен оқу курстарынан өтуде. Ал, кәсіпкер әйелдердің басын қосу мақсатында жыл сайын «Бизнеслэди Қазақстан» байқауы өткізіледі.
«Біз өз бизнесін дамытқысы келетін әйелдерге барынша қолдау көрсетеміз. Бізде идеялар өте көп. Қосыламыз деген әйелдердің жас ерекшеліктері мен саласын шектемейміз. Жобада Америка, Литва, Париж елінің іскер ханымдары да бар», – деді жоба ұйымдастырушысы Сәуле Қайсар.
Жоба – қыз-келіншектерге өз саласындағы дағдыларын арттырып, жаңа бизнес-трендтерді зерделеуге, өз бетімен жұмыс істеуге көмектеседі. Сондай-ақ, қатысушылармен кәсіби заңгерлер, бизнес-жаттықтырушылар, психологтар мен сәнгер маман жұмыс жасайды.