Елімізде мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтындар мемлекеттен айлық ала алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бүгін жаңартылған әлеуметтік кодекспен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жауаптылардың айтуынша, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту көзделіп отыр. Ол жеке көмекші ретінде рәсімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарнасы аударылады.
– Тағы бір өзгеріс – арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандартын даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін – шектеулі баға түрінде жіктелетін болады, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Сондай-ақ жаңа кодексте кедейлік шегі медиандық табыс есебінен анықталатыны жазылған. Бұл өзгеріс 2025-інші жылдан бастап енгізіледі. Кедейлік шегін медианалық табыспен анықтау әлемнің бірнеше мемлекеттерінде баяғыдан бар. Осы арқылы әлеуметтік төлемдердің де сомасы өседі.
– Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесін зерттедік. Бүгінде АҚШ-тағы кедейлік шегі медианалық кірістің 40 пайызына, Канадада - 50, Швеция, Норвегия, Дания, Австрия, Германия және Францияда - 60 пайызына пара-пар. Біз де осы тәжірибені енгізуді көздеп отырмыз, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Әлеуметтік кодексті жүзеге асыру үшін 2023-2025 жылдарға 3 жылдық бюджет қарастырылып отыр. Бір баласы бар отбасы әлеуметтік қолдауға үш жылдық бюджеттен 100,7 миллиард теңге көзделген. Жұмыспен қамту саясатына – 480,5 миллиард, арнаулы әлеуметтік қызметтерге – 29 млрд теңге бөлінеді. Ал ең көп шығыс зейнетақымен қамтамасыз етуге жұмсалады екен. Оған 740,3 миллиард теңге қарастырылған.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматы қаласы бойынша 3-9 шілде аралығындағы ауа райы болжамы