Қазір бұл мәселе қала билігінің басты назарында
Алматыда тұрғын үйлер ауласында заңсыз орнатылған шлагбаумдар алынатын болады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаланы көріктендіру ережесіне сәйкес, көпқабатты үйлер маңайына тіпті көлік тұрағының шектеулерін қоюға тыйым салынады. Қазір бұл мәселе қала билігінің басты назарында. Жыл басынан бері жолға кедергі келтірген бірнеше құрылымдар жойылcа да, тұрғындары шектеу қоюды доғарар емес.
Кешкұрым үй маңайында жастардың жиі жиналуы, айналаға қоқыс шашып, ауланы ластауы – бұл Самал-1 шағын ауданы тұрғындарының көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселесі. Осындай қолайсыздыққа жиі шағымданып, тәртіп сақшыларының көмегіне де жүгінген көрінеді. Бірақ полиция қызметі қауқарсыз болса керек, тұрғындар арнайы кедергілерді орнатуды ұйғарған.
«Түнде, бұл тіпті түнгі уақыт емес, кешкі сағат 21.00-да, осындай шектеулер жоқ жерде жастар көп жиналады. Жәй тұрмай, улап-шулап, мазаны алады, шекілдеуік шағады. Яғни, мәдениет мүлдем жоқ», – деді Медеу ауданының тұрғыны Анна Хмелева.
Алайда шаһарда өз еркімен жол бойына шлагбаумдар мен түрлі кедергілерді орнатуға рұқсат жоқ. Өйткені кез келген аула барлығына бірдей пайдалануға берілген жер, дейді әкімдік өкілдері. Бұл жергілікті тұрғындарға ыңғайлы болғанымен, жедел жәрдем көлігіне кедергі. Сондықтан мұндай шлагбаумдар алынуы керек.
«Алматы қаласының көріктендіру ережесінің 16-бабына сәйкес аулалардың аумағында арнайы көліктердің өтуіне кедергі келтіретін ешқандай блоктарды, блокадаларды орнатуға тыйым салынады. ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес Алматы ққаласының көріктендіру ережесін бұзғаны үшін бірінші жағдайда ескерту немесе жеке тұлғаларға 20 АЕК-ке дейінгі айыппұл салуға әкеліп соғады», – деді Медеу ауданы әкімі аппараты бөлімінің бас маманы Азат Қашқынбаев.
Ал, аулада шлагбаум құрылғыларын орнату аса қажет болған жағдайда, мәселе жалпы жиналыста талқыланады. Яғни, кедергілерді қою бойынша тұғындар ортақ шешімге келуі керек. Бірақ жергілікті әкімдік қызметкерлерінің сөзінше, барлығы заң аясында жүзеге асқаны абзал.
«Арнайы автокөліктер келгенде, шлагбаум тәулігіне 24 сағат ашылуы тиіс. Жедел жәрдем, қоқыс шығару қызметтері бар дегендей. Олар аула ішіне кіруі қажет. Осыған байланысты біз тұрғындарға кедергілерді қоюға болмайтынын түсіндірудеміз», – деді Алмалы ауданы әкімі аппараты бөлімінің бас маманы Руслан Айтанов.
Сондай-ақ, автотұрақ мәселесі де көпшіліктің базынасына айналып барады. Себебі кейбір азаматтар бөтен аулаға тиесілі көлік қоятын жерлерді иемденіп алады екен. Мұны тек үлкен көлемде айыппұл салу арқылы шешуге болады дейді әкімдік қызметкерлері.
Бірақ бұл үшін қолданыстағы Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу қажет.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы