9 мамырда әр ауданда жоғары деңгейде іс-шаралар өтеді
Алматы әкімдігі Жеңіс күніне орай ардагерлердің әрқайсысына 1 миллион теңгеден бөлмек. Ал «Орбита» шағын ауданында 2 балабақша салынады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаевтың Бостандық ауданында өткен есептік кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үш сағатқа созылған әкім есебінде халық түрлі түйткілді көтерді. Соңғы екі жылда індеттің тұсауында болған жұрт, Жеңіс күні өз деңгейінде атап өтілмейді деп кейіді. Жиын барысында Ерболат Досаев биыл ардагерлерге 1 миллион теңгеден берілетінін айтты.
«Әкімдік тарапынан әр ардагерге 1 миллион теңге бөлеміз. Сондай-ақ 10 мыңнан астам тыл ардагеріне, тұтқында болған адамдарға және басқаларына мәслихаттың шешімімен қаржылай қолдау және сыйақылар беріледі», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Жалпы аудан тұрғындарынан 200-ден аса сұрақ түссе, соның басым бөлігі тұрғын үй құрылысын жүргізуге, жекеменшік жерлерді әкімдікке қайтаруға, заңсыз құрылысқа қатысты қойылды.
«Мемлекеттік қажеттіліктерге байланысты жерді қайтару туралы шешім шықты. Қазір меншік иесімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оңтайлы шешіледі деп ойлаймын. Сөйтіп ол жер толыққанды саябақ болады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Бостандық ауданында балабақша тапшы. Әсіресе «Орбита» шағын ауданының ата-аналары балаларын кезекке қоя алмай әлек. Бұл мәселе де оңтайлы шешіліп, 2 балабақша салынатын болды.
«Орбита» шағын ауданына 2 балабақша салуға нақты мақсат, ниетім бар. 2 бөбекжай бой көтереді», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Сонымен қатар, биыл заманауи қабылдау бөлмесі мен клиникалық зертханасы бар «Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының» құрылысы аяқталады.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжан, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы