Абай ауданында Жаңа Қараған ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 2 шақырым жерде қар құрсауында тұрып қалған 5 жеңіл автокөліктен 19 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды
Қарағанды облысының құтқарушылары қар басқан жолдардан көліктерді шығаруды жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
8 ақпанға қараған түні Қарағанды облысының Осакаров және Абай аудандарындағы автожолдарында құтқару жұмыстары жүргізілді. ТЖД қызметкерлері 81 адамды, оның ішінде 10 баланы аман алып қалды.
Абай ауданында Жаңа Қараған ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 2 шақырым жерде қар құрсауында тұрып қалған 5 жеңіл автокөліктен 19 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды. Олар Абай қаласына жеткізілді.
Осакаров ауданында апаттық-құтқару жұмыстары «Осакаровка-Молодежный» және «Осакаровка-Нұра» автожолдарында жүргізілді. Қар құрсауынан 20 жеңіл автокөлік шығарылды, онда 58 адам, оның ішінде 7 бала болған. Сонымен қатар, аталмыш трассада құтқарушылар тағы екі автокөлік жүргізушілеріне қар құрсауынан шығуға көмектесті.
Осы көліктерде болған төрт адам Осакаровка ауылына жеткізілді. Құтқару жұмыстарына Қарағанды облысы ТЖД бөлімшелерінің және жергілікті атқарушы органдардың күштері қатысты.