Павлодар, Қарағанды, Шымкент, Тараз қаласынан келген топтар бар
Алматыда көңілді тапқырлар клубының ширек финал өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Командалар жекпе-жек форматында түрлі тақырыпта әзіл айтып, шағын көріністермен көрерменді күлкіге қарық қылды. Бұл маусымдық ойынға еліміздің әр өңірінен 40-тан астам команда қатысуға ниет білдіріпті. Арасынан 16 топ ғана іріктеліп, жартылай финал үшін өзара бәсекеге түсті. Арасында Павлодар, Қарағанды, Шымкент, Тараз қаласынан келген топтар бар.
«Одан кейін 8 команда жартылай сайысқа барады. Жартылай финалдық сайыста да жекпе-жек форматында өткіземіз. Ол жерде тікелей 4 команда финалдық сайысқа жолдама алады. Сосын қазылар алқасының шешімімен бір команданы таңдап аламыз. Сөйтіп финалдық кезең 5 командамен дәстүрлі түрде өтеді. Яғни сәлемдесу, үй тапсырмасы, жан бату секілді конкурстарды қосамыз», – деді «Қазақстан КТК Одағы» Алматы филиалының директоры Оңдасын Құлымбетов.
Өнерімен озық шыққан 8 команда жартылай финалға өтеді. Финалдық бәсеке қарашаның ортасына жоспарланыпты. Тақырыптары еркін, бірақ ойынның кестесімен тұспа-тұс келіп жататын оқиғалар қамтылады. Іс-шараның өтуіне қалалық жастар саясаты басқармасы қолдау көрсеткен.