460 баланың жағдайы дәрігерлердің бақылауында
Маңғыстауда 450-ден аса бала астан уланды. Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 жалпы білім беретін орта мектептің 4 сынып оқушылары тамақтан ұшынған, деп хабарлайды Almaty.ty тілшісі.
6 қыркүйекте кешке жедел жәрдем көмегіне жүгінген балалардың саны артқан. Барлығында бір ғана симптом – іш ауру, құсу, дене температурасының 39-40 градусқа дейін көтерілуі. Тексеру кезінде олардың бір мектепте, бір асханадан тамақтанғаны белгілі болған. Жаппай уланған балалардың ата-аналары болған жағдайға уайымдап, абдырап қалған. Оларға да психологиялық көмек көрсетілген.
– Тамаққа тәбеті жоқ. Тек құсып, қызуы көтеріліп жатыр. Түнімен ауырып шықты. Дәрігерлер уланған деді. Мектепте компот, сорпа ішкен. Тағамның мерзімі өтті ме, ыдыстарды дұрыс жумады ма? Тексеру барысында анықталады, – деді ата-ана Тілепберген Дүйсенбаев.
Мұнайлы ауданында тамақтан уланған балалардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында. Астан ұшынған 460 бала бар. Оның екеуі жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған, ал 83 оқушы ауруханада ем-дом қабылдап жатыр. Қалған 377 оқушы амбулаторлық ем шараларын қабылдауға үйіне жіберілген. Науқастардың жағдайы жақсарып, кейбірі ауруханадан шығып жатқан көрінеді.
– Балалардың жағдайлары тұрақты. Инфузиондық емнен кейін балардың дене қызуы түсті.Олардың ішінде бір бала судорогымен келді. Реаниматолог қарады. Бала есін біледі, – деді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Гүлжан Аманбекқызы
Айта кетейік, жедел-жәрдем бригадасы науқас балаларға толық құрамда қызмет көрсеткен. Ал ауруханада төсек-орын мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Аталмыш жағдай бойынша асханадағы тамақтардан сынама алынған. Сонымен қатар тамақтану орнындағы қызметкерлер де тексеруден өтті.
Айта кетейік, осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда 460 бала тамақтан уланды: Бір ай ішінде бүкіл мектептердің асханасы тексеріледі