Сарапшылар Президент көтерген мәселелерді тыңдап, қоғам тыныштығын сақтау маңызды екеніне назар аударды
Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілді насихаттау мен оның мәртебесін көтеруді әр кез назардан тыс қалдырған емес. Президент бүгінгі кеңейтілген отырыс кезінде тағы бір тоқталған маңызды бағыт осы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырмаларды Алматыдағы қоғам белсенділері де тыңдады. Жиынға республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мәслихат депуттары қатысты. Жиналған қауым мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан табысты болуы халықтың бірлігіне байланысты деген пікірде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қазіргі заманда сын-қатерлер аз емес. Мұндай жағдайда біз жалпыұлттық бірлігімізді одан әрі бекемдей түсуге тиіспіз» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық қатынас саясатын одан әрі жетілдіру үшін еліміздегі түрлі ұлт арасындағы татулыққа басымдық берілгенін айтты. Себебі, бұл жалпы ел экономикасына, адамдардың әлеуметтік жағдайына оң ықпал етеді.
«Аталған міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы – бір шаңырақ астында түрлі ұлыстың тату тұруы. Бұл өте маңызды. Неге дейсіз ғой? Пікірлер қайшылығы, ішкі мүдделер қақтығысы, санкциялар. Бұл әлем елдерінде болып жатқан жайсыздықтар. Бірнеше ұлтты бір елге жинап ұстап отыру – үлкен шаруа», – деді «Вайнах» шешен-ингуш халықтарының мәдениетін дамыту қауымдастығы» ҚБ тең төрағасы Ахмет Мурадов.
Президент келесі екпінді ұлт болашағының дұрыс тәрбиесіне салды. «Ұрпаққа отбасында дұрыс тәрбие беру – айрықша маңызды міндет» дейді. Бұл ретте республикалық Аналар кеңесінің құрылуы өзекті екенін атап өтті. Аталған Кеңес еліміздің бірлігі мен татулығының өзегі саналатын құндылықтарды жастардың бойына дарытуға септігін тигізеді.
«Біздің қоғамда жалпы тәрбиешілердің негізі аналар ғой. Адам баласы дүние есігін ашқаннан кейін, ана деген медреседен өтеді, Ана деген тәрбиешенің тәрбиесін алады. Ананың рөлі қазіргі таңда қоғамды тәрбиелеуде орасан зор екені белгілі. Осы тақырыпта жақсы баяндамалар жасалды», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ ассамблеяның ана тілімізді дамытуда маңызы зор. Ел Президенті этно-мәдени бірлестіктер мен Достық үйлерінің жанындағы қайырымдылық ұйымдардың, мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысына жағдай жасау керек екенін айтты. Қазақстан ұйғырлары мәдени ұйымының төрағасы Шаймардан Нурумов қазақ тілін насихаттау үшін жан-жақты жұмыс істеп келе жатқанын мақтанышпен айтады.
«Қазақ тілін, Үкімет тілін халықаралық және этносаралық тілге айналдыру туралы жақсы пікірлер айтылды. Бізде қазақ тілін меңгеруге қатысты арнайы топтар ашылған, онда мұғалімдеріміз жұмыс істеп жатыр», – деді «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Шаймардан Нурумов.
Маңызды жиында Президент экология мәселесін де тыс қалдырмады. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бойынша 2 миллиард ағаш егу туралы бастама көтерген еді. Оған қоса елдімекендерге 15 миллион көшет отырғызу қажеттігін айтты. Бұл идеяны іске асыруда жастарды белсенді болуға шақырды. Әр өңірде халықтар достығына арналған саябақтар ашу туралы ұсыныс жасады.
Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы