Шамамен 254 бала мектепке дейінгі біліммен, яғни балабақшамен қамтылды
Білім және ғылым министрлігі "Жусан" операциясы аясында Сириядан жеткізілген балаларға қатысты ақпаратты таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Вице-министр Бибігүл Асылованың айтуынша, осы уақытқа дейін Сириядан Қазақстанға 506 бала жеткізілді.
Оның сөзіне қарағанда, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға әлеуметтік-психологиялық көмек беруге арналған 15 орталық бар.
"Ол орталықтарда күн сайынғы стационарда 14 баласы бар 4 ана жүр. Қалғандары күндізгі стационарда. Қазіргі кезде шамамен 254 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылды, яғни, балабақшаға барды. Ал 153 бала мектепке барып жүр. Сосын 33 жетім қалған бала бар. Олар жетімдерге арналған ұйымдарға таратылды", - деді Асылова астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде арнайы жоспар жасалған. Соның аясында барлық балаға қолдау көрсетіледі. Бәрі арнайы мамандардың бақылауында болады.