Азаматтардың жеке дерегін сақтауға қай мекеме жауапты

04.10.2023 20:40

Заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады

Almaty.tv

Елімізде «Азаматтарға арналған үкіметтің» мәртебесі өзгереді. Бүгін мәжілісмен Мархабат Жайымбетов халыққа қызмет көрсету орталықтарын жабу керек деп ұсыныс білдірді. Депутат дерегінше, қазір барлық құжатты онлайн алу қажет, деп хабарлайды Almaty.tv

Мәжілісмен Мархабат Жайымбетовтың Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жабу керек деген ұсынысын министрліктегілер құптамады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі алдағы уақытта аталған нысандарды қысқарту қарастырылмайтынын жеткізді. Қазір мемлекеттік қызметтердің 20 пайызы осындай орталықтар арқылы көрсетіліп келеді. Себебі азаматтардың компьютерді, телефонды меңгеру деңгейі әртүрлі. Сондықтан біріңғай орталықтарды жабу қисынға келмейді.

– ХҚКО-ны болашақта дамытып, «Қазпошта» арқылы қолжетімді ете аламыз. Ал онлайн режимде eGov арқылы қызмет етеміз, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов

Мәселені мәжілісмендер сараптап, ақыры бірінші оқылымда мақұлдады. Қолдау тапқан заң жобасына сәйкес, елде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәртебесін өзгерту көзделіп отыр. Корпорация мемлекеттік қызметтердің жалғыз операторы мәртебесінен айырылады. Оған Е-Өтініш ақпараттық жүйесі шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың өтінішін қабылдау құзыреті берілмек. Қысқасы, ендігі жерде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері халықтың жеке деректерінің жария болып кетпеуіне жауапты болады.

– Азаматтар көбінесе мәліметтер тарап кетіп, қаскөйлердің қолына түсуі мүмкін екенінен күдіктенбейді. Өйткені заңнамалық деңгейде деректердің тарап кетуі туралы хабарлау міндеттемесі бекітілмеген. Біз мұны түбегейлі дұрыс емес деп есептейміз. Осы заң жобасында дербес деректердің қауіпсіздігін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту шаралары көзделген, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.

Күн тәртібіндегі мәселеден бөлек, Мәжіліс кулуарында заңсыз шығарылған активтердің жайы сөз болды. Енді қайтарылған қаржыны сатуға қатысты ақпарат ашық болады. Осылай деген Қаржы министрі активтер сатылымына қатысты белгілі бір тәртіп барын айтты.

– Заңсыз қайтарылған активтер не конкурс арқылы, не портал арқылы көрсетіледі, не сенімгерлік басқаруға беріледі. Мұның бәрі, әрине, жұртшылыққа ашық болады. Активтердің сатылымы туралы деректерді ашу-ашпауды арнайы комиссия шешеді. Сондықтан бұл ақпаратты қаншалықты таратуға болатынын, оның қаншалықты тергеу құпиясына жататынына түсініктеме беретін ресми комитет құрылып жатыр, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев

Қайтарылған активтерді басқару компаниясының жұмысын Қаржы министрлігі бақылайды. Тиісті мекемеге бірқатар қосымша міндеттер жүктелмек. Осы орайда Ерұлан Жамаубаев елге қайтарылған активтер жайлы жұртшылық қажет ақпаратты ала алады деп сендірді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана


Оқи отырыңыз: Досаев ардагерлер кеңесінің төралқа отырысын өткізді