Қайыршы әжей балаларына өтініш жасап, өзінен бас тартуды сұрады

28.06.2019 20:40

Қарт ана Моңғолиядан келген

Қарағанды базарларының бірінде қайыр сұрайтын Маржан Қоқым есімді кейуана мемлекет қамқорлығына өтуі мүмкін. Әжейді базардан тауып алып, мұндай халге не үшін түскенін анықтаған әнші Меруеш Башай осындай жазба қалдырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Моңғолиядан көшіп келген Маржан Қоқым бүгінде қайыр сұрап күнелтуде. Ол тапқан ақшасын санай да алмайды, ал балалары анасын іздемейді екен.

Кейуананы базардан тауып, жағдайын бақылауға алған Меруеш Башай ол туралы жазба қалдырды.

«Маржан апамызды мемлекеттік қамқорлыққа алып, өзіне тиесілі көмекке қол жеткізу мүмкіндігіне байланысты облыстық еңбекпен қамту, әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жүнісбекова Әсем Айтжанқызына барып, Дүниежүзі Қазақтарының қауымдастығы атынан халықтың өтініш-тілегін жеткіздім.

Көп ойланып, апаны мемлекеттің қамқорлығына алғаны дұрыс деген шешім қабылдадық.

Менің үйімде апаның 2 күн бойы айтқан әңгімесінен өмірдің талай соққысы тиіп, қиындық көп көрген адам екенін түсіндім», - дейді ол жазбасында.

Меруеш Башайдың жазуынша, Маржан Қоқым Моңғолиядан келген.

Ол сауаты жоқтығына байланысты базарда қайыр сұрапты.

Алайда тапқан табысын санай да алмайды. Оның мұнысын пайдаланып кететіндер көп екен. Тіпті, оның атынан мүгедектікке құжат тапсырып, ақшасын алып келгендер де бар көрінеді.

Сондай-ақ, Маржан Қоқым өзінің екі ұлы Жанарбек Мизамханұлы мен Жанархан Мизамханұлынан өзінен заңды түрде бас тартуын сұраған.