Мемлекеттік рәміздер – қазақ халқының бастан өткерген тарихы, мәдениеті мен дәстүрін бір бейнеге тоғыстырған ұлттық символдарымыз. Осы арқылы елімізді әлем таниды. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Қазіргі жас-жеткіншек, ел болып қалыптасу жолындағы тарихты қаншалықты біледі? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын бүгінгі мереке күні алматылықтарға бірнеше сауал қойып, көңіл күйін біліп келген еді. Сюжет көрейік.
Мемлекеттік ту, мемлекеттік елтаңба және гимн Республикамыздың мызғымас негіздері. Тәуелсіздіктің символдары ресми түрде қашан бекітілді? Мемлекеттік рәміздердің авторы кім? Осы сынды сұрақтарға дәл қазір тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп көрейік. Айтпақшы, қоғамдық орындарда санитарлық талаптың сақталуы басты талап. Маска киіп алайық.
- Сәлеметсіз бе, бүгін қандай мереке екенін білесіз бе?
- Жоқ, білмеймін.
- Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі. Оларға не жатады? Айтып өтсеңіз?
- Білмеймін мен.
- Жақсы, қазір жастардан сұрап көрейік.
- Қайырлы күн, «Алматы» телеарнасы. Бүгінгі мереке құтты болсын. Жалпы мемлекеттік рәміздерге не жатады, соны айтып берсеңіз?
- Ту, гимн, елтаңба.
- Туға тоқталып өтіңізші, қандай сурет бейнеленген?
- Ашық аспан ретінде көк түс, қыран бүркіт, күн және ою-өрнек.
- Авторы кім?
- Шәкен Ниязбеков.
- Осы мемлекеттік рәміздердің ресми түрде бекітілген күнін білесіз бе?
- Жоқ.
- Алдағы уақытта біліп жүрсеңіз болады, 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде бекітілді. Жыл сайын осы уақытта тойланады.
Еліміз жаңа ғасыр табалдырығын аттағалы тұрған жылы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобы құрылды. Рәміздердің үлгісі бойынша конкурсқа 600-ден астам адам қатысқан. Оның ішінде мемлекеттік ту эскизі бойынша 1200 өтінім түскен. Көптің ішінен суретші Шәкен Ниязбеков салған мемлекеттік туы үздік деп танылды.
- Шаһарда көпшілік жиналған тағы бір орын Алматы метрополитені. Қазір мұндағы жолаушылардың да пікірін біліп көрейік. Сауалнаманы осында жалғастырамыз.
- Сәлеметсіздер ме, бүгінгі мереке құтты болсын, бүгін Мемлекеттік рәміздер күні. Сіздерге бір-екі сұрақ қойсам, Елтаңбада қандай суреттер бейнеленген?
- Ат, шаңырақ, жұлдыз
-Жақсы, әнұранның жаңартылған екінші нұсқасы қай уақыттан бастап елімізде шырқала бастады?
- 2006 жылдан бастап.
- Өте дұрыс. Авторларын айтып өтсеңіз осы тұста.
- Назарбаев, Қалдаяқов, Жұмекен Нәжмеденов
- Көп рақмет. Жалпы шетелде жүрген кезде өз еліміздің туын көргендей қандай сезімде боласыздар?
- Күшті сезімде боламыз ғой, мысалы, жаңа Достықтың бойымен кетіп бара жатсақ, бір ауданда балконға туды іліп қойған. Күшті, мақтаныш сезімі кернеді.
- Менің елім, менің елім
Гүлің болып, төгілемін,
Жырың болып, төгілемін елім,
Туған жерім менің, Қазақстаным.
Бөрілі байрақ астында бөгеліп көрген жан емен,
Бөрідей жортып кеткенде, бөлініп қалған жан емен. Бұл өз ұлтының ұлылығына бас иген Сүйінбай Аронұлының сөзі. Көгілдір түсті туымыз жаһан жұртына Қазақстан деп аталатын жаңа тәуелсіз еліміздің бет бейнесін паш етті. Осылайша, туымыз бен елтаңбамызды, асқақ әнұранымызды дәріптеу шаралары жер-жерде санитарлық талаптарға сай өткізіліп жатыр.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы