Елімізде бизнеске кедергі келтіретін талаптар жойыла ма

31.01.2023 20:40

Ұлттық экономика министрінің ақпарынша, кәсіпкерлікті реттеудің 44 саласына талдау жүргізілген

egemen.kz

Елімізде бизнеске кедергі келтірген талаптар жойылады. Үкімет заң жобаларын қайта пысықтап, түзету енгізбек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір елімізде бизнеске қойылатын 10 мың 108 талап жаңа саясатқа сай келмейді. Ұлттық экономика министрінің ақпарынша, кәсіпкерлікті реттеудің 44 саласына талдау жүргізілген. Нәтижесінде 66 жобаға түзету енгізу қажет. Министрдің айтуынша, негізсіз тексеру, артық салық сынды кедергіге енді жол берілмейді.

«Талдау жүргізе келе, 66 жобаға түзету енгізіледі. Бізге барлық мемлекеттік орган ұсынысын жіберсе, бір аптаның ішінде қараймыз. Оған дейін ұсыныстарды «Ашық НҚА» порталына шығарамыз», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрінен бизнестегі кедергілерді жою үшін қандай шаруа атқарылып жатқанын сұрап білді. «Таза парақтан» реформасына қатысты түзетулер енгізілетін жобаларды 2 апта ішінде аяқтап, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың талап-тілегі ескерілуі керегін атап өтті.

«Бизнеске қойылатын артық талаптарды жою бойынша заңнамалық өзгерістер уақытылы қабылдануын қамтамасыз ету керек. Жақын арада Парламентке тиісті заңнамалық актілер пакетін енгізу керек. Сонымен қатар, жаңа нормаларды 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу мәселесін қарастырыңыздар. Бұл бизнеске шамадан тыс жүктемені осы жылдың басынан бастап азайтуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, «таза парақтан» реформасы  кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге мол мүмкіндік береді. Жоспарлы жоба сәтімен іске асса, 2029  жылға қарай шағын және орта кәсіп иелерінің саны  4,7 млн-ға дейін өседі деген болжам бар.