Мектеп тауарын арзанға сататын автодүкендер ұйымдастыру керек – Әлихан Смайылов

16.08.2022 20:41

Биыл аз қамтылған отбасына 37 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат беріледі

Almaty.tv

«Жаңа оқу жылы қарсаңында шалғай ауылдарда мектеп тауарын арзанға сататын автодүкендер ұйымдастыру керек». Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жауаптыларға осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол сондай-ақ өңір әкімдіктеріне көмекке мұқтаж балаларды мемлекеттік қолдаумен толық қамту қажеттігін айтты. Премьер-министрдің сөзінше, биыл аз қамтылған отбасына 37 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат беріледі. Ол - қажетті киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алу мақсатында болмақ. Ал мұндай көмек 470 мыңнан астам балаға көрсетіледі.

«Сауда министрлігі «Атамекен» палатасымен және әкімдіктермен бірлесіп, мектепке қажетті керек-жарақтар бағаларының тұрақты болуын қамтамасыз етсін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, мектеп формасының құнына қатысты мәселені пысықтасын. «Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осы мәселелерді бақылауға алсын», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.