Наурызбай ауданында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған семинар өтті. Жиынға ведомствоаралық штаб мүшелері мен дағдарыс орталығының өкілдері қатысты. Тренингтің мақсаты мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қоғамда есірткіге тәуелділік – өзекті мәселелердің біріне айналған. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы синтетикалық есірткіге әуестік кең етек жайып тұр.
«Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан шара нашақорлықтың алдын алу бойынша өткізіліп отыр. Біздің мақсат – бүгінгі күнде үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп, аудандағы жастар арасында нашақорлықтың алдын-алу», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәли.
«Жастар арасында қазіргі таңда нашақорлық мәселесі белең алуда. Әсіресе, соңғы кездері қолжетімді синтетикалық есірткілер жастар арасында үлкен қолданысқа ие. Бүгін әртүрлі секторлардан ата-аналар, білім беру, медицина өкілдері жиналып Наурызбай ауданының аумағында нашақорлыққа күрес серіктестігін құрғалы отырмыз», – деді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Ұлжан Лұқпанова.