Енді ол 2 айдың көлемінде 4 миллион 167 мың теңге айыппұл төлейді
Sulpak дүкенінің маңындағы ағаштарды отап тастағандарға қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық істі қараған Алмалы аудандық соты мердігер компанияның өкілі Жанна Нұртаеваны Қылмыстық кодекстегі «Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi бар түрлерін жойғаны» деген бап бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Енді ол 2 айдың көлемінде 4 миллион 167 мың теңге айыппұл төлейді. Айта кету керек, айыпталушы Жанна Нұртаева мердігерлік компанияның дизайнері. Ол тапсырыс беруші Sulpak-тың келісімінсіз жалданған жұмыскерлерге сауда үйінің жанында тұрған ағаштарды отауға нұсқау берген.«Жанна Нұртаева өз кінәсін мойындады. Өз асырауында 2 кәмелет жасқа толмаған бар болғанын көрсетті. Сонымен қатар, жасалған ісі үшін өкінді. Осылайша сот үкімімен оған 4 миллион 167 мың теңге айыппұл салынды. Қазіргі таңда орман шаруашылығы комитетіне сотпен жеке ұйғарым шығарылған болатын. Қазіргі таңда сот актілері заңды күшіне енген жоқ», – деді қалалық соттың баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.
Еске салсам, былтыр 23 қарашада сауда үйінің жанындағы жайқалған емен мен қарағаштар кесілген еді. Бұл оқиға тұрғындардың наразылығын тудырып, мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударған болатын.