Қазақстанда тұтынушыларға тиісті деңгейде қызмет көрсетілмейді
Қазақстанда тұтынушыларға тиісті деңгейде қызмет көрсетілмейді. Бүгін Үкімет отырысында еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тұтынушылардың мүддесіне көңіл аударылмайтынын айтып сынады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әсіресе, бұл мәселе медицина, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, көлік және сауда салаларында өзекті. Анықталғаны, мемлекеттік органдарға 2017 жылы 23 мың, 2018 жылы 21 мыңнан астам, ал былтыр 30 мыңға жуық өтініш келіп түскен.
«Бұл ретте жүйенің бірде-бір қатысушысы тұтынушының мүддесіне толық көңіл аудармайды. Сондықтан тұтынушылар құқығын қорғау деңгейінің төмендігі, бұрмаланған статистика және «қайталанатын қателермен жұмыс істеуге» деген қызығушылықтың жоқтығы байқалады. Статистика тұтынушылардың қанағаттанбауы үнемі жоғары деңгейде қалып отырғанын көрсетеді. Тұтынушыларды мазалайтын сұрақтар жалпы жылдан-жылға қайталанып отырады, әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, бөлшек сауда, медициналық қызмет және көлік салаларында», – деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Ал биылғы 8 айдың өзінде уәкілетті органға қызметтер мен тауарлардың сапасына қатысты 8 мыңнан астам шағым түскен. Олар бойынша тұтынушылардың 80 пайызының мәселесі шешілді. Осыны айтқан Үкімет басшысы Асқар Мамин тұтынушы мүддесін қорғаудың біртұтас жүйесін жасауды тапсырды. Бұл ретте Германия, Сингапур, Жапония сияқты елдердің озық тәжірибесін ескеру қажет деді.
«Оларда Тұтынушы - Қоғамдық бірлестік - Мемлекет байланысы нақты ұйымдастырылған. Олардың тәжірибесіне сәйкес азаматтардың мүддесін қорғау үшін азық-түлік, медициналық қызметтер, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, фармацевтикалық тауарлар және туризм сияқты маңызды салаларға ерекше мән беру қажет. Сапасына кепілдік беруге болатын өнім өндіруге, бақылау мақсатындағы сатып алу механизімін пайдалануға, адал жарнама мен маркетингке бағытталған саясат жүргізу қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.