Бір жылда мүгедектігі бар 27 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды

07.02.2022 20:42

Сонымен қатар 460 адам микрокредит, 1,1 мың адам грант алды

Фото: ашық дереккөзден

2021 жылы 27 мыңға жуық мүгедектігі бар адамға жұмыспен қамтуды қолдау шаралары көрсетілді, дпеп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өткен жылы жұмыспен қамтуды қолдаудың түрлі шараларымен 26,9 мың мүгедек тігі бар адам қамтылды. 

Оның 21,1 мыңы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты, ал 5,8 мыңы жұмыс орындарының квотасы бойынша жұмысқа орналасты. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылы 104 мың мүгедектігі бар адам (24,8%) жұмыспен қамтылған. 

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 696,8 мың мүгедектігі бар адам немесе халықтың жалпы санының 7,5%-ы тұрады, олардың 419 мыңы – еңбекке қабілетті жаста. 

«Халықты жұмыспен қамту туралы» заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмыс істейтіндердің жалпы санының (жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны кемінде 50 адам болғанда) 2-ден 4% - ға дейінгі мөлшерде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілейді. 

2021 жылдың қорытындысы бойынша квота шеңберінде барлығы 5,8 мың мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды. 

Бұдан басқа, өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 21,1 мың мүгедектігі бар адам қатысты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 9,3 мың адам және уақытша жұмысқа 8,6 мың адам орналастырылды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен – 563 адам, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен – 1,6 мың адам қамтылды, оның ішінде 325-і бизнес жобаларын қорғап, гранттар, 46-сы микрокредит алды. 

Сонымен қатар 460 адам микрокредит, 1,1 мың адам грант алды. 

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықтың басқа да осал топтарымен қатар мүгедектігі бар адамдардың басым тәртіппен көрсетілетін қызметтерді алуға құқығы болды. 

2021 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аяқталды, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жалғастырылатын болады. 

Сондай-ақ 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. 2021 жылы жалпы сомасы 122 млн теңгеге 90 арнайы жұмыс орны ашылды.

Теги: мүгедек