26 маманның кеудесіне орден-медальдар тағылды
Нұр-Сұлтанда 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай ауқымды іс-шара өтті. Онда әскери қызметте ерен еңбек еткен мамандар мемлекеттік марапаттарға ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Даңқ», «Айбын», «Құрмет», «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» секілді түрлі деңгейдегі орден-медальдар жалпы саны 26 маманның кеудесіне тағылды. Мемлекет басшысы оларды бүгінгі күннің батырлары деп атап, әр азаматтың мемлекетті қорғауы – парыз екендігін еске салды.
«Құрметті сардарлар мен сарбаздар! Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіс мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Біз – бабаларымыздың ерлігін қастерлеп, елдік жолын жалғаған ұрпақпыз. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау – Отан күзетіндегі әрбір азаматтың қасиетті парызы», – деді Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Еңбектері аталған әскерилер арасында жалғыз әйел – Бас Прокуратураның Күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызмет бастығының орынбасары Радимхан Дубаева «Құрмет» орденіне лайықты деп танылды.
«Бұл – тек менің ғана марапатым емес, бүкіл ұжымның ордені. Еңбегімді осылай елейді деп ойлағаным жоқ. Қайталап айтайын, бұл тек менің жеңісім ғана емес, бұл марапатта менімен бірге қызметтес болған мамандардың үлесі бар», – деді Радимхан ДУБАЕВА.