Шымкенттегі әлеуметтік бейімдеу орталығына келушілер саны артқан

Almaty.tv
Almaty.tv
Оларға орталықта 4 мезгіл ас беріліп, уақытша баспана ұсынылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қыста Шымкенттегі әлеуметтік бейімдеу орталығына келушілер саны артқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тағдыр тауқыметін тартқан Ералы Байбеков ел ішінде «қаңғыбастар үйі» аталып кеткен орталықты 2 жылдан бері паналап жүр. Үй-жайсыз қалған ол бейімдеу мекемесіне өз еркімен келгенін айтады.

«2021 жылы келгенмін. Жақсы қарап жатыр. Дәрігерлер де жақсы. Балаларым Ресейде. Мұнда өзім келдім», – деді қала тұрғыны Ералы Байбеков.

Шымкентте аязда  10 күн ішінде 50 адам жүгініпті. Қара суықта далада қалған жандардың бірі - Асан Тұманов. Орталық мамандары оны оқшаулау бөлмесіне орналастырып, алғашқы көмек көрсеткен.

Мұнда келгендердің біразын үсік шалса, енді бірі өз еркімен қозғала алмайтын күйге жеткен. Арасында ащы суға салынып, отбасынан алыстап кеткендер де бар. Оларға орталықта 4 мезгіл ас беріліп, уақытша баспана ұсынылады.

Орталық негізі 160 орынға шақталған. Алайда мекеме қызметкерлері қыс мезгілінде далада қалып қойған жандар болса, барынша қабылдауға дайын екенін айтады.

«Біз алғашқы медициналық көмек көресетеміз. Келген адамның қан қысымын, жүрек қығысын, денсаулығын толық тексеріп аламыз. Ал құжат бойынша 8 қызметкер жұмыс істейді. Олар мекенжайын анықтайды», – деді бейімдеу орталығының маманы Серікболсын Әбдіқайымов.

Мекемеге мүмкіндігі шектеулі жандар келетін болса, оларға әлеуметтік статус алуға көмектеседі.

Әсел Мәлік, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров