Құрбан айт намазы оқылмайды: Карантинге байланысты қашықтан құрбан шалу рәсімі қалай жүргізіледі

25.07.2020 00:10

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді

© Sputnik / Абзал Калиев

31 шілде күні ел бойынша Құрбан айт намазы оқылмайды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы  брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Карантинге байланысты қашықтан құрбан шалу рәсімі ғана жүргізіледі. Азаматтар  Qurban2020.myftyat.kz сайты арқылы құрбан шалуға онлайн тапсырыс бере алады. Осынау сын сағатта, мақсат, халықтың құрбан шалуға деген қажеттілігін жүзеге асыру деді бас мүфти.

«Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде осы кезге дейін дағды болып үйреніп қалған малды өзіміз таңдау, қасапшынының қасына барып өзіміз қатысу секілді жағдай болмайын деп тұр. Тағы бір ескертетін жәйт, осы күнге дейін құрбан шалған азаматтар құрбан етін 3-ке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші-қолаңға арнап айттық жаятын. Пандемия жағдайына байланысты биылғы онлайн бойынша құрбандық шалынған кезде еттің 3-тен бірі шалған адамға берілмей, түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестірілетін болады», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.  

Сонымен қатар бас мүфти халықтан осындай қиын-қыстау кезеңде пендешілкке бой алдырып, пайда  табу мен алыпсатарлыққа бармауды сұрады. Бұдан бөлек, «Зекет» қоры жамағат пен демеуші азаматтардың көмегімен 255 дана оттегі желдеткішін еліміздегі ауруханаларға жеткізгені белгілі болды. Ал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары құрбандық шалуға немесе көмек алуға қалай тапсырыс беруге болатынын түсіндірді.

«Сайттың бірінші бетінде 3 ұяшық көрсетілген. Біріншісінде құрбандық малын шалу үшін тапсырыс беру ұяшығы бар. Екінші - құрбандық етін алу үшін өтініш қалдыру ұяшығы бар. Бұл мұқтаж жандар үшін. Үшінші құрбандық шалу барысы туралы мәлімет беретін ұяшық бар. Құрбандық малы шалынғаны туралы фото және бейне есебі қажет немесе қажет емес болған жағдайда «иә» немесе «жоқ» деген тетікті басу арқылы өз қалауыңызды білдіре аласыз», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров.