Ақтөбе облысының бірнеше ауданында су басу қаупі төніп тұр

27.02.2024 20:43

Тасқынның алдын алу үшін өңірде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылмақ

Almaty.tv

Ақтөбе облысының бірнеше ауданында су басу қаупі төніп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Синоптиктердің болжамы бойынша, келер аптадан бастап аймақта жауын-шашын болып, күн күрт жылынады. Республикалық маңызы бар тасжолдарда су басу қаупі басым 32 учаске анықталды. Тасқынның алдын алу үшін өңірде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылмақ. Құзырлы органдар қазірден арықтар мен өзен арналарын тазартуға кіріскен. Су басуды болдырмау үшін бұл іске барлығы 400-ге жуық адам мен 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.

«Бұл жұмыс толығымен жалғасын табады, себебі синоптиктердің болжамы бойынша наурызда бірден күн жылынады. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар жолдарда 32 қауіпті су басу учаскелері анықталған», – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлов.