Қарғын су: Құлсарыдағы үй құрылысы қашан аяқталады

Almaty.tv
Almaty.tv
Баспанасы бүлінген 2000-нан аса тұрғынға өтемақы толығымен берілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындары қыркүйекте қоныс тойын тойлайды. Қазір өңірдегі ахуал тұрақты. Құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құлсарылықтар біртіндеп қалыпты өмірге қайта бейімделіп жатыр. Бүгінде өңірде 100 үйдің құрылысы басталды. Жаңа үй алуға 20 адамнан өтініш түскен. Ал баспанасы бүлінген 2000-нан аса тұрғынға өтемақы толығымен берілді.

– Барлық инертті, құрылыс материалдары жеткілікті. Мұнда әрбір мекемеде 50 жұмысшыдан қамтылған. Қыркүйекте 100 үйді қолданысқа беру жоспарланып отыр, – деді Құрылыс басқармасының бөлім басшысы Дархан Тілепберген.

Өңірде өзге аймақтардан келген күштік құрылымдардың жұмысы жалғасып жатыр. Қауіпті аумақтар толық бақылауда. Ал Бесікті, Талғайран, Қайыршақты сынды ауылдық округтерде апаттың алдын алу жалғасып жатыр. Бұған дейін елдің есін алып, арнасынан асқан Жайық өзенінің су деңгейі кешелі бері көтерілмеді.

– Шектік деңгей 600 см болатын, 3 см төмендеп, 597 см көрсетіп тұр. Қауіпті дейтін аймақ бар. Айта кетсек, Алмалы, Қайыршақты ауылдық округтерінде су деңгейі түскенімен, тәуліктік кезекшілік  ұйымдастырылып жатыр, – деді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.

Соңғы бес күннен бері Ерғалиев-Таңдай бағытындағы жолды су басып жатыр. Судың көп мөлшерде келуіне байланысты топырақ пен асфальттың ылғалдылығы артқан. Қазір көлік қозғалысына шектеу қойылды.

– Облыс аумағында су тасқынына байланысты тас жолдардың кейбір бөлігін су шайып кетті. Қазіргі уақытта Хамит Ерғалиев-Махамбет аудан ортасына қатынайтын республикалық маңызы бар тас жолдың бір бөлігін су шаюына байланысты жүк көліктеріне уақытша шектеу енгізілді. Алайда бұл аралықтан жеңіл көліктер жүріп жатыр, – деді ПД ЖПҚБ Жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының инспекторы Аманжол Жұмалиев.

Аудандардағы ахуал жалпылама айтсақ, қалыпты. Мәселен, Махамбет пен Индер толық бақылауда. Ал қала іргесіндегі Жаңаталап пен Еркінқаладағы су деңгейі шекті межеге таяп қалды.

Жұлдыз қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы,  Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Жаңаөзендіктер шағымға құлақ аспаған кәсіпкерге наразы

Новости партнеров