Жаңаөзендіктер шағымға құлақ аспаған кәсіпкерге наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Сот отырысында аталған мәселе шешім таппаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңаөзендік тұрғындардың наразылығы әлі де басылмай тұр. «Үй іргесінен үй тұрғызып, мазамызды алды» деген азаматтар шағымға құлақ аспаған кәсіпкерге ашулы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Самал шағынауданының байырғы тұрғындары бұған дейін базына айтып, талай есікті қаққан. Мұндағы даудың басы – іргедегі үй. «Баспанамызға күн түспей қалды» деген бұқара мәселе көтерілген мекенжайға бұған дейін талай шенеунікті шақырған. Нәтиже болмаған. Ал бүгін оқиға орнына қалалық соттың судьясы арнайы келді. Жағдайды білуге әкімдік өкілдері де жетті.

– «Қайда барсаң да өзің біл»деп қарап отыр. Амал жоқ, сотқа бардық. Құрылыс басталғанда шағымдандық. Жансейіт Қайнарбаев архитекторға «қабылдама» деген. Бірақ құрылыс тоқтаған жоқ, – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Сембі Көлбаев.

Бұрын бұл аумақ автотұрақ орны болған. Құрылыс басталғанда тұрғындар наразылық танытып, жұмысты тоқтатуға тырысыпты. Ал қазір ұлтарақтай жерде үш тұрғын үй бой көтерді.

– Мен бұл саланың маманы емеспін. Бірақ заңбұзушылық болып отырған сияқты. Сіздер көрші боласыздар. Егер өзара келісетін болсаңыздар және адам құқығы бұзылмаса, бекітіп беруге қарсы емеспін. Сот отырысын жалғастырамын, – деді Жаңаөзен қалалық сотының судьясы Несіп Даргулова.

Бұл жағдай жаңа баспанаға қоныс аударып келгендерді де алаңдатады. Үйлеріне толықтай жөндеу жасап, кіріп алған олар мәселенің біржақты болуын сұрап отыр. Ал даулы кездесуге құрылысты жүргізген кәсіпкер келмеді. Басшы орнына компанияның өкілі бой көрсетті.

Айта кетейік, бұған дейінгі сот отырысында аталған мәселе шешім таппаған. Істі жан-жақты сараптау әлі де жалғасады.  

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Талдықорғандық жеке кәсіпкерлер шу шығарды

Новости партнеров