Петропавлдық таксист жолаушылардың қызықты сәттерін желіге жариялап танымал болды

Петропавлдық таксист жолаушылардың қызықты сәттерін желіге жариялап танымал болды
Блогер-таксист жолаушыларды сергітіп, жұрттың көңілін көтеруге тырысып жүретінін айтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлда көңілді таксистің танымалдылығы артып келеді. Жүргізуші жұмыс уақытында жолаушылармен болған қызықты сәттерді әлеуметтік желіге жүктейді. Тұрғындар ерекше таксисті «Блогер» деп атап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Арман Темірбаев – бүгінде блогер-таксист деген лақап атқа ие. Оның адам тасымалдап жұмыс істеп жүргеніне 2 жыл болған. Бұған дейін түзету мекемесінде қызмет атқарыпты. Оның сөзінше, жалақысы аз болғандықтан, таксист болуға шешім қабылдаған. Бүгінде бұл оның негізгі табыс көзі.

«Ақшаның жетпеуіне байланысты жұмыстан шығуға тура келді.  Бастапқы уақытта қандай іспен айналысамын деген сан түрлі ой болған. Кейін такси жүргізуге көштім. Бірақ бір түсінгенім, егер сен тұрақты жұмысың сияқты күнде таңертен белгілі бір уақытта шығып жұмыс істесең, табыс табуға болады. Отбасымды да асырауға жеткілікті», – дейді таксист блогер Арман Темірбаев.

Арманның жұмыс уақыты таңғы сағат 7.00-ден кешкі 21.00-ге дейін жалғасады. Күніне 40 шақты тапсырыс қабылдайды екен. Оның байқауынша, қазір барлық адам жұмысбасты болып кеткен, әлдебір мәселелерді ойлап жүреді. Таксист оларды сергіту үшін әзілдесіп, жолаушылардың көңіл күйін көтеруге тырысады.

«Жұмыс уақытында орын алып жататын оқиғаларды танысыма айттым. Әрине, камера болмаса, айтқаныңа ешкім сенбейді. Басыма бірден неге түсірмеске деген ой келді. Халыққа қызық қой және көңіл күйі де көтеріледі. Сондай жайттардың бірін жақын танысыма айттым.  Ол да біздің жергілікті блогер. Танысым маған «Түсір, жалғастыр, өзім көмектесемін» деп мотвация берді.  Жақсы деп бірден келісе кеттім», – дейді Арман Темірбаев.

Арман Темірбаев камерасына жазылған қызықты оқиғаларды өзінің Инстаграм-парақшасында бөлісіп тұрады. Кейде тапсырыс берушілер оны танып жататын көрінеді.

Жүргізуші өзінің қалай танымал бола бастағанын сезбей де қалған. Оның сөзінше, оқырмандарының саны күн сайын көбеюде.

«Мені осындай жағдай қуантады. Сол үшін де тырыстым деп айта аламын. Себебі, әлеуметтік желідегі оқырманыңның көбеюі қуантады, танымал болып жүрген де ұнайды», – дейді таксист блогер.

Арман – екі бірдей дипломның иесі. Біріншісі – бағдарламашы, екіншісі – заңгер. Дегенмен, ол ары  қарай да жүргізуші болып жұмыс істеп, қала тұрғындарына қуаныш сыйлауды жалғастыра бермек.   

Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, Петропавлдан


Новости партнеров