Алматыда карантин талаптары жеңілдегенімен, санитарлық бақылау күшейтілді. Нәтижеде қауіпсіздік тәртібін өрескел бұзатындар әшкереленіп жатыр. Ал өткен түні заңсыз жұмыс істеген ойын-сауық орындары анықталды. Әуезов ауданында жүргізілген рейд барысында астыртын істеген 2 ойын және 1 бильярд клубының иелері жауапқа тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
– Сәлеметсіз бе! Бұл – Әуезов ауданы әкімі аппаратының мобильді тобы. Неге жұмыс істейсіздер? Сізге жұмыс істеуге рұқсат жоқ.
– Менен неге сұрайсыз?
– Ал әкімші, жауапты адам қайда?
– Білмеймін.
Осылайша білмейміз деп ақталған ойын клубының қызметкерлері жауапты адамды шақырмақ түгіл, бұл орынның жұмыс істеп тұрғанын да жасырғысы келді. Әйтсе де сыртта үйіліп, топ болып тұрған жастардың дәл осы ойын клубынан қашып шыққаны айдан анық болды.
Дегенмен ойын клубының жұмыс істеп тұрғынын айғақтайтын бұдан өзге де дәлелдер табылды. Сол күні басылған фискалды чек, ойын залында жүрген адамдар. Алайда бұл орынның қызмет етіп тұрғанын клубқа келушілер де мойындамады.
Тексеріс кезінде барлығы мобильді топтың талабымен түсініктеме жазды. Ал ойын клубының қожайынына карантин талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл жазылды.
«Бүгін 2 демалыс клубы мен 1 бильярд клубы анықталды. Оларға 425-бап бойынша әкімшілік жаза қолданылды. Мобильді топ күндіз-түні карантин режимінің бұзылмауын қадағалайды», – деді Әуезов ауданы әкімі аппаратының Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Руслан Тоғызбеков.
Бұдан өзге ауданда заңсыз жұмыс істеп тұрған тағы бір ойын орталығы әшкереленді. 2 қабатты мекемеде адам лық толы. Мұндағылар тіпті карантин туралы естімегендей кейіп танытты.
«Қазіргі таңда Алматы қаласы бас санитар дәрігердің көптеген нысандарға шектеу қою шаралары жүргіліген болатын. Сол қаулыға қарамастан астыртын жұмыс жасап жатқан нысандар анықталды. Сол нысандарға біздің тараптан әкімішілік іс қозғалуда», – деді Әуезов ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Ханшайым Есболат.
Сол түні мобильді топ заңсыз жұмыс істеген бильярд клубының жұмысына да шектеу қойып, әкімшілік жаза қолданды. Жалпы наурыз айынан бері Әуезов ауданы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзуға қатысты 434 әкімшілік хаттама толтырылыпты.
Сая Меңдеке, Дана Қилыбаева, Мқұрат Тайжан, «Алматы» арнасы