Ақылбек Күрішбаев: Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тек мемлекеттің құзырында болуы керек

Ақылбек Күрішбаев: Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тек мемлекеттің құзырында болуы керек
Қазақстанда 5,6 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда 5,6 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ол туралы жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Министрдің сөзінше, елімізде төрт жыл ішінде 15,4 миллион гектар жер пайдаланылмай жатқаны анықталған. Бұл ретте заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін 2020 жылдан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жүргізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Өйткені дәл осы аймақтарда жерді пайдалану бойынша өтініштер мен шағымдар ең көп түскен.

Космомониторинг нәтижелері бойынша пилоттық аймақтарда 8,3 млн гектар пайдаланылмай жатқаны анықталыпты. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, енді биылдан бастап бұл тәжірибе республиканың барлық аумағында жүргізіледі. Естеріңізге салайық, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға Заңмен тыйым салу мәселесін шешуді тапсырған болатын.

«Шұғыл түрде тиісті заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне арнайы Жолдаумен енгізілді, қазіргі уақытта ол жұмыс топтарында қаралу сатысында. Енді мораторийдің кейбір мәселелері ғана шешілмеген күйде тұр, бұлар - ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын алып тастай отырып, қазақстандықтарға жекеменшікке беру, сондай-ақ жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттен сатып алмай, ұзақ мерзімді жалдау құқығын иеліктен шығаруы мәселелері», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Отырыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тек мемлекеттің құзырында болуы керек деген ұсыныс айтылды. Сенатор Ақылбек Күрішбаев бұл мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды деп санайды.  

«Қазақстан үшін ауылшаруашылығы мақсатындағы жер жай ғана өндіріс құралы емес, ең алдымен бұл – біздің ұлттық игілігіміз, ата-бабамыздан қалған тарихи мұрамыз, бүкіл халқымыздың байлығы және оның басты құндылығы. Менің жеке пікірім, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жекеменшікте емес, тек мемлекеттің құзырында болуы керек. Ең алдымен бұл біздің геосаяси жағдаймызға байланысты», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Қазақстан азаматтарына да жерді жекеменшікке беруге болмайды деген пікірін білдірді. Оның сөзінше, азаматтардың 99 пайызы ауыл шаруашылығы жерін иеленбеген. Ал, Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев жердің Қазақстан азаматтары үшін 49 жылға жалға берілуін шегеру қажет дейді.

«Онымен қоса, жалға алу құқығын сақтай отырып, жердің атадан балаға мұра болып қалуын қамтамасыз еткен жөн. 49 жыл пайдалану құқығы біткен соң, сол жер пайдаланушы немесе оның ұрпағы әрі қарай пайдалануға алу үшін басым құқыққа ие болуы керек. Ол үшін Жер кодексінің 37 және 97-баптарын түбегейлі қарастыруды сұраймыз», – деді Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев.

Комиссияның алғашқы отырысында жерге қатысты түрлі пікірлер айтылды. Атап айтар болсақ, жер пайдаланушылардың кім екенін халық білу үшін ашық тізім болу керектігі, ал жер бөлуде әкімдерде құзірет болмау керектігі ұсынылды. Жерге қатысты бақылауды күшейту, жайылымдарға қатысты заңнамаға кәсіби талдау жасау секілді ойлар ортаға салынды. Енді комиссия аптасына бір рет бас қосып тұруға уағдаласты.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров