ХҚКО немесе «электронды үкімет» www.egov.kz арқылы мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес, өтініш білдіруіне болады
Туғанынан қойылған атын, тегін, тіпті әкесінің атын ұнайтпай жататын қала тұрғындары кездесіп жатады, өз аты-жөнін ұнатпау себептері әр түрлі. Мұндай жағдайда әділет органдары оларға аты-жөндерін ауыстыру қызметін ұсына алады. Жақында бұл қызметте өзгерістер болды, ол туралы Алматы қалалық Әділет департаментінің өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Берікбол Сәменов «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің баптарына өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруға байланысты өзгертуге жататын мәліметтер туу туралы, некені (ерлі-зайыптылықты) қию немесе бұзу туралы тиісті акт жазбаларына атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы қорытындының негізінде енгізілетінін хабарлады.
«Сондай-ақ өзгерістер негізінде, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы акт жазбасы тіркелмегендіктен куәлікте берілмейді. Яғни тіркеуші органдар атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру жүргізілгенін растау үшін туу туралы, некені қию немесе бұзу туралы тиісті куәлік береді», - деп хабарлады Б.Сәменов.
Азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрлерін тіркеу, қайталама куәліктер мен анықтамалар алу бойынша эксаумақтыққағидат енгізілді. Осыған орай, азаматтардың өзіне ыңғайлы ХҚКО немесе «электронды үкімет» www.egov.kz арқылы мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес, өтініш білдіруіне болады.
Тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау басшысының міндетін атқарушы Ләззат Сыдықова атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішті қарауды тіркеуші орган, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес жүргізілетінін айтты.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды он алты жасқа толған және атын және (немесе) әкесінің атын, тегін ауыстыруға тілек білдірген адамның жеке өтініші бойынша тіркеуші органдар жүргізеді.
Сондай-ақ, ол атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудың дәлелді себептерін атады:
1) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң оғаш естiлуi;
2) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң айтуға қиындық келтіруі;
3) егер некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тектерінде қалса немесе некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркегеннен кейін жұбайы (зайыбы) тегін басқасына ауыстырса, жұбайымен (зайыбымен) ортақ текте болғысы келген жұбайының (зайыбының) тілегі;
4) егер неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
5) бұрынғы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған балаларымен ортақ текте болғысы келуіне байланысты;
6) жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
7) жұбайы қайтыс болған жағдайда өтiнiш берушi некеге дейiнгi тегiнде болғанда, балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
8) өтініш беруші таңдаған ата-аналарының бірінің ұлтына (ата-аналарының ұлты әртүрлі болған кезде) сәйкес келетін атты және (немесе) текті алғысы келуі;
9) құжаттардағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын алғысы келуі;
10) егер некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
11) ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша текте болғысы келуі;
12) өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен аты бойынша текті және (немесе) әкесінің атын алғысы келуі;
13) жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде таңдаған жынысқа сәйкес келетін атты, әкесінің атын, текті алғысы келуі кезінде жүргізіледі.
Дереккөз: ӨКҚ