Көлде демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге небары 4 адам мен бір ескі қайық қана қарастырылған
Құтқарушылар қызметіне демалушылардың көңілі толмайды. Алакөлдің жағасында жүзген мыңдаған жанның жанынан табылып, күтпеген қиындықтан құтқаруға небары төрт жігіт пен бір ескі қайық қана бөлінген. Соның салдарынан болса керек, көлге батып, көз жұмған қайғылы жайттар жиілеп кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көл жағасынан бизнес ашып, тоқтаусыз ағылған туристерден тұрақты табыс тапса да кәсіпкерлер кірісін көрсетпейді.
Әсем достарымен бірге Алматыдан Алакөлге асыға жеткен. Жыл бойы күткен демалысы болғандықтан жағадан сәл алысқа ұзап, емін-еркін жүзгісі келген. Бірақ, үш метрден соң бірден тереңдейтін көлден кенет бір жағдай бола қалса, көмекке келетін құтқарушы таппаған.
«Алматыдан арнайы ат арытып келгенімізге үш күн болды. Бәрі жақсы. Бірақ көлден бірде-бір құтқарушы көрмедік» – деді демалушы Әсем ҚОЙҒАЛДЫРОВА.
Ыстықтан ығып, тұзды судан сая табуға күн сайын 25-30 мың аралығында адам келеді. Жарбұлақтың жағасында жүзген жанның бәрі кәсіби малти алмайды. Күтпеген қиындық кездессе, құтқарушы көмегін күтіп, үміттенудің қажеті жоқ. Тереңге тұншықтырмай, тілсіз тажалдан тартып алуға бөлінген маман мүлдем жетіспейді.
Үржар ауданы басшыларының құтқарушылар санының аздығына қынжылудан басқа амалы жоқ. Себебі жаз маусымында ғана жұмыс істейтін жағажайдағы жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге небары 4 адам мен бір ескі қайық қана қарастырылған. Сондықтан көкжиегіне көз жетпейтін көлде жүземін деп тұншығып қалып жатқандар толастамай тұр.
«Қауіпсіздік қазіргі кезде біз үшін ең басты мәселе болып отыр. Бұл жуық арада біте қоймайтын сияқты. Өйткені құтқарушылар аз», – деді ШҚО Үржар ауданы әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбеков.
Соңғы үш жылда Алакөл жағалауының жағдайын жақсартуға 5 миллиард теңге жұмсалған. Көл жағасында 175 демалыс базасы, жоғары санатты екі қонақ үй сынды барлығы 333 кәсіпкерлік нысан бар. Бірақ қонақ күтуден қыруар табыс тауып жатқан кәсіпкерлер табысын тығып қалуға тырысады. Өйткені қонақ үйлер мен демалыс базалары онлайн төлемге толық көшпеген. Бүгінде салық төлеуден жалтарған 33 кәсіпкер мен 11 демалыс үйі анықталған.
«Бүгінде 205 касса аппарат болу керек болса 125 онлайн касса аппараты тіркелді. Екіншіден, көлеңкелі экономикадан шығару үшін тұтынушылар мен демалушыларға қосымша түсіндірме жұмыстар жүргізілді. Бір жылдық маусым кезінде былтыр 67 миллион 500 мың теңге түсірсек, биылғы жылы 100 миллионға дейін түсіреміз бе деп отырмыз», – деді ШҚО ҮРЖАР ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Нұрбигүл ЖАМҚАНОВА.
Анталияны емес, айдын шалқар Алакөлді аңсап тұратын туристерді титықтататын тас жолдардың жайсыздығы. Құрамында 21 элемент кездесетін көл суы керемет болғанмен, оған жету үшін шыдам мен денсаулық керек. Алайда Алакөлдің ақ толқыны мен тұзды суына сүңгігісі келетін туристердің жолы мен тағы да басқа қиындықтар алдағы екі жылдың ішінде толық шешілуі мүмкін.
Әмірболат Құсайынұлы, Ескендір Тоғысбаев «Алматы» телеарнасы