Қазақстанда 1 қаңтарда халық саны 18,39 млн адамға жетті

13.02.2019 20:44

Өткен жылғымен салыстырғанда халық саны 238,6 мың адамға өскен

МИА «Казинформ»

2019 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда халық саны 18 млн 395,7 мың адам болды. Бұл өткен жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 238,6 мың адамға көп немесе 1,3 пайызға өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика агенттігіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, есептік кезеңде қала тұрғындарының саны 10 млн 638,7 мың адам немесе 57,8 процент, ал ауыл халқының саны 7 млн 757 мың адам немесе 42,2 процент болды.

2018 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында республикада 1 жасқа дейінгі 3156 нәресте өлімі тіркелді. 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 0,2 пайызға көп.

Нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі - перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар, 2018 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында 1617 нәресте қайтыс болып, нәрестелер арасындағы жалпы өлім санының 51,1 пайызын құрады. Туа біткен ауытқулардан 625 немесе 19,8%, тыныс органдары ауруларынан - 197 немесе 6,2%, жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан – 150 немесе 4,8% нәресте қайтыс болды.

2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында елімізге көшіп келгендер саны 2017 жылғы көрсеткіштен 20,5 пайыз азайып, қоныс аударғандар саны 11,1 пайызды құрады. Негізгі миграциялық көші-қон ТМД елдері бойынша өтіп жатыр. ТМД елдерінен келген адамдар үлесі 78,9 пайыз, көшіп кеткендер үлесі – 90,1 пайыз болды.