Қазақстанда ішкі нарықта газ тұтыну көлемі артты. Газға сұранысты одан әрі қанағаттандыру үшін Қазақстанның энергетика министрлігі жаңа кен орындарын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сілтеме жасап.
«Біздің болжам бойынша жақын уақытта елдің ішкі нарығындағы тұтыну көлемі өсіп, 2025 жылға қарай 25,7 миллиард текше метрге, 2030 жылға қарай 30,2 миллиард текше метрге жетеді», – деді вице-министр.
Ол туындап отырған сұранысты қанағаттандыру жаңа кен орындарын іске қосу арқылы шешілетінін айтты.
«Тоғыз жер қойнауын пайдаланушымен 187 миллиард текше метр көлеміндегі қоры бар 11 кен орнын барлау және өндіру бойынша келісімшарт жасалған», – деп нақтылады ол.
Жұмабай Қарағаев бұл кен орындарын дер кезінде пайдалануға беру, сондай-ақ қосымша газ өңдеу қуатын іске қосу газ көлемін 2025 жылы 8,1 миллиард текше метрге және 2030 жылы 8,4 миллиард текше метрге арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
2020 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы мұнай-газ өңдеуші компаниялардың газ өндіру көлемі 55,1 миллиард текше метрді құрады. Сонымен қатар, қабаттың қысымын ұстап тұру үшін 17,3 миллиард текше метрге жуық ілеспе мұнай газы қайтадан қабатқа айдалды.