Қазақстанда ең таза экологиялық өнімдер шығарылады. Енді осы әлеуетімізді толық пайдаланып, елді өзіміздің азық-түлікпен ғана қамтамасыз етуіміз керек. Президентікке үміткер Төлеутай Рақымбеков бағдарламасындағы осы және өзге де тетіктер бүгін Павлодар өңірінде қызу талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кандидаттың сайлауалды бағдарламасында азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Әсіресе, шеттен келетін тауарлардың сапасына қатысты сұрақ көп. Сондықтан, отандық шаруа қожалықтарына барынша қолдау көрсетіп, өндірісін жандандыра түсу керек деп есептейді үміткердің сенімді өкілдері.
«Біздің негізгі мақсатымыз – осы атадан келе жатқан кәсіпті өндірістік жолға қою. Егер азаматтарымыз осымен айналысатын болса, аз өнім алмайды. Дұрыс өндірісті жолға қояды деп есептеймін. Себебі, мал шаруашылығының қалай жасалатынын, малдың қалай сауылатынын біледі, қалай өнім алуға болатынын әр қазақ біледі», – дейді ҚР Президентігіне үміткер Т. Рақымбеков республикалық қоғамдық штабының төрағасы Әли БЕКТАЕВ.
«Ауыл мәселесі - елдің мәселесі. Сондықтан, ауыл инфрақұрылымына, шаруашылығына және әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелер шұғыл шешімін табу керек. Сонда ғана ел экономикасы алға жылжиды», – деді республикалық штабының басшысы.
Үміткер өндіріс әлеуетін одан сайын арттыруды көздеп отыр. Оған Төлеутай Рақымбеков бағдарламасында айтылған заманауи құрал-жабдықтарды пайдалану мен ғылыми еңбектерді іске асырудың маңызы зор дейді мамандар.