|
19.04.2021 | 16:37
6067

Алматы облысындағы алапат өрт өшірілді

Қызыл жалын Іле өзенінің маңында орналасқан ауылдарға жақын жерде тұтанған

Алматы облысындағы алапат өрт өшірілді Видеодан алынған кадр

Алматы облысында бірнеше күн лапылдап жанған өрт өшірілді. Қызыл жалын Іле өзенінің маңында орналасқан ауылдарға жақын жерде тұтанған. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін облыстың төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылық комитеті және еріктілер жұмылдырылған. Өрт шаруалардың қорасына тиген бе? Отты кім тұтандыруы мүмкін? Жақын маңдағы тұрғындар не дейді? Оқиға орнына сапарлаған едім. Almaty.tv тілшісінің әзірлеген сюжетіне назар салыңыздар.

Алматы облысындағы алапат өрт Іле өзенінің іргесінде орналасқан ауылдарға тимеген. Қазіргі уақытта өртті облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және орман шаруашылығы комитетінің мамандары өшіріп жатыр. Өртті сөндіру қиынға соғып тұр, өйткені тілсіз жау жалындаған жерге тек арнайы техниканың күшімен бару керек.  

Қанша қиын болғанымен бүгінде Алматы облысындағы тілсіз жау сөндірілген. Мына кадрдағы қара жерлер оттың ізі. Көбіне Балқаш ауданындағы қамыстар мен құрғақ шөп өртенген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпарға сай, Жиделі және Ақкөл ауылдық округтеріне жақын орналасқан 4 шаруаның қораларын өрттен аман алып қалыпты. Тіпті, төтеншеліктер мен құтқарушыларға алғыс айтқандар да бар.

Осыдан 4-5 күн бұрын от шықты да бүткіл жердің бәрін шарпыды. Өзімнің жерімнің территорияма жақындап қалғаннан кейін жоғары жақтан шақыртқанбыз. Келді жігіттер рақмет. Шамалары келгенше өшірді.

Ал мына кадрлардан судың жағасына жақын орналасқан екі үй мен бірнеше қайықтың түгі қалмай жанып, тек күлінің ғана қалғанын көруге болады. Шаруа иелері бұл видеоны өздері түсірсе керек. Әйтеуір әлеуметтік желіге бірден тарап кетті. Соған қарағанда барлық шаруа қожалығын құтқару мүмкін болмаған секілді.

Абырой болғанда жақын маңдағы ауылдарға өрт жетпеді. Тұрғындардың айтуынша, отты бәз біреу әдейі жағуы мүмкін. Оның үстіне мұндай жағдай бірінші рет қайталанып тұрған жоқ екен.  

БЛИЦ:

- Қорықпаймыз. Алыста ғой. Неге қорқамыз? Бізден кәдімгідей алыс. Бірақ түтіні көрінеді. Ондай қорқыныш жоқ. Енді жаңадан шөп өссін деп өртейді ғой.

- Түтін шығып жатты әйтеуір. Алыстан. Басқа көрген жоқпыз.

- Көрген жоқпын. Бірақ естідім өрт болды дегенін. Бірақ өзім көрген жоқпын.

Қызыл жалын ауылдан бірнеше шақырым жерде жанған. Сол себептен де ауыл адамдары өртті көрмеген. Бірақ тілсіз жаудан шаруалардың зардап шеккен. Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, алапат өртті сөндіру үшін 150-ге жуық маман мен 20 техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр.

Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир