|
19.04.2021 | 16:12
964

Алматы көшелеріндегі 2 мыңнан астам ойық-шұңқыр қалпына келтірілді

242 көшеде жұмыс қызу жүріп жатыр

Алматы көшелеріндегі 2 мыңнан астам ойық-шұңқыр қалпына келтірілді

Алматыда сәуір айының басынан бері бүгінге дейін 242 көшедегі 2 мыңнан астам ойық-шұңқыр жерлер қалпына келтірілді. Одан бөлек, қала тұрғындарының өзекті сұрағына айналған 3 жол айрығының жұмысы қашан аяқталады? Көшелердегі жұмыс қарқыны жөнінде Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.

Қазір қала көшелерінде жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес ұзындығы 196 шақырым болатын 200 көше, оның ішінде 17 магистралды жол жаңартылады. Күн сайынғы жөндеу жұмыстарына 400-ден астам жұмысшы мен 155 арнайы техника жұмылдырылған.  

«Техника және материалдар бүгінгі таңда жеткілікті. Биылғы жол жөндеу жұмыстары негізі бір жыл ішінде тоқтаусыз жүргізіледі. Бірақ осы сәуір мамыр айларында өте қарқынды түрде жүргізіледі. Мердігер ұйымдар бұл жұмыстарына өз кепілдігін береді. Аз уақыт ішінде бұзылып немесе істен шыққан жолды өз қаражаты есебінен жөндеп береді», – деді қалалық Мобилділік басқармасы көше-жол тораптарын дамыту бөлімінің бас маманы Көкен Жарқынбек.

Қалада Республикалық маңызы бар 3 көлік жол айрығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, Емцов көшесі, Құлжа тас жолы бойындағы Бұқтырма көшесі және Сейфуллин даңғылы. Жауапты басқарма өкілерінің хабарлауынша бұл нысандар 2022 жылы пайдалануға беріледі.

Өздеріңіз көргендей, қазір жұмыс белсенді жүргізілуде. Қалада 284 көшеде дәл осындай жұмыстар атқарылуда. Жол бойындағы шұңқыр тесіктерді бітеу жұмыстары сәуір айының 1-де басталып кеткен. Құрылысшылар мен мердігер компания өкілдері осындай уақыт жұмыс үшін өте қолайлы екенін айтады.  

Қаладағы 8 аудан бойынша 4 мердігер ұйым мен 40-қа жуық бригада жол жөндеу жұмыстарын міндетіне алған. Олар бір күнде 205 шұңқырды жамап, 15 қақпақты түзетеді екен.

«Менің бригадамда 10 жұмысшы бар. Біз Әуезов ауданындағы көлік-жолдарын жөндеп жатырмыз. Қазіргі уақытта жұмыс қарқыны қалыпты, жоспар бойынша атқарып келеміз. Жұмысшылардың да айлық-жалақысы уақытылы төленіп отыр», – деді мердігер Александр Ефремов.

Қалалық мобильділік басқарма басшысының орынбасары Ернұр Абжаханның айтуынша, шаһардағы көше-жол желісінің ұзындығы 3 мың шақырымды құрайды, оның үш жүздей шақырымына асфальт төселмеген. Алдағы бес жылда жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95 пайызға дейін жеткізу мақсатында ауқымды жұмыстар жоспарланған.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир