Қалалық штаб отырысында сондай-ақ әкімдік ғимаратының 1-қабатына ашық кеңістік жасалатыны айтылды
Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен жеке тұлғаларға берілетін төлемдер бүгіннен бастап аударылады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында белгілі болды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде жұмылдырылған қызметкерлер қаржылай көмек алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаңтардағы бейберекет салдарынан мемлекеттік мекемелер, телеарналар, дүкендер, ломбардтар мен қоғамдық тамақтану орындарына нұқсан келтірілгені белгілі. Бүгінде ғимараттарды қайта реттеу жұмысы жалғасуда. Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында әкім орынбасарлары алдымен осы шаруаларды айтып тізіп шықты. Мәселен, Мұхит Әзірбаев қала әкімдігі ғимаратының қабырға, бағана, едендерін нығайту жұмыстары 28 қаңтарда техникалық шешімі шығарылған соң басталатынын мәлімдеді. Осы ретте шаһар басшысы көрсетілетін қызметтер халыққа барынша ыңғайлы әрі қолжетімді болуы үшін әкімдік ғимаратының бірінші қабатына ашық кеңістік жасауды ұсынды.
«Қалалық әкімшіліктің ғимаратының бірінші қабаты тұрғындармен жұмыс істеуге, ашық кездесу жүргізуге ыңғайлы емес. Ескі тәртіппен жасалған ғимарат қой. Мысалы, біз әлеуметтік үйді жасадық. Тұрғындар келгенде сондай ашық. Мүмкін сондай ұйымдастырсақ», – деп ұсыныс айтты Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Әкім орынбасары Ілияс Өсеров тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен 603 қызметкерге бүгіннен бастап өтемақы төленетінін хабарлады. Оның 592-сі – құқық қорғау органдарының, 1-еуі – Төтенше жағдайлар департаментінің, 3 адам – жергілікті атқарушы орган қызметкері, 1-еуі –«Алматы» телеарнасының және 6 адам – медицина ұйымдарының жұмысшылары.
Сонымен қатар, 3900-ге жуық полицияға, 1207 төтеншелікке, қоғамдық денсаулық басқармасының 3888 қызметкеріне, құтқару қызметінің 93 жұмысшысына 100 мың теңгеден қаржылай көмек беріледі. Бұдан бөлек, бизнесі бүлінген кәсіпкерлердің алғашқы легі өтемақыларын осы аптаның соңында ала бастайды. Қала әкімі сала басшыларына осы жұмыстарды тездетіп шешіп, күшейтуге тапсырма берді.
«Осы сәрсенбіде Үкімет зардап шеккендерге берілетін қаржының алғашқы легін бөлетін болса, онда біз ол төлемдерді жұма күні үлестіруді бастай аламыз. Осы жұмыстарды пысықтау үшін кәсіпкерлердің құжаттарды толық өткізуіне барынша көмектесуіміз маңызды. Шағын және орта бизнес өкілдері апта соңында тиісті өтемақысын алуы керек», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Бұдан бөлек, қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша 1773 үй маңындағы дүкендер тексеріліп, нәтижесінде тауарлардың бағасы едәуір арзандаған. Мәселен, күнбағыс майы 15, сүт өнімдері 5, нан 10, қанттың бағасы 5,5 пайызға төмендепті. Сондай-ақ қаланың 5 ауданында азық-түлік жәрмеңкелері қайта жанданған.
«Сиырдың төс-сан етіне жеңілдетілген баға белгіленгендіктен, сауда көлемі күніне 1 тоннадан 3 тоннаға дейін өскен. Осыған орай біз шаруалармен қосымша ет әкелу туралы шараларды қабылдадық. Сондай-ақ қаланың басқа да нүктелерінде осындай ет дүкендерін ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов.
Әкім орынбасары Ержан Бабақұмаров бүгінде мәдени және спорт нысандары толық штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Ал ғибадат орындарында ұжымдық шаралар ұйымдастыруға тыйым салынған. Сондай-ақ 860 мектепке дейінгі ұйым өз жұмысына қайта кірісіпті.
Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы