Депутаттар ерлі-зайыптының ажырасу процесін 6 айға дейін ұзартуды ұсынды

15.10.2021 20:46

Қазақстанда орташа есеппен, күн сайын 150 отбасы ажырасады

mysekret.ru

Елімізде ажырасу жағдайлары көбейген. Статистика бойынша күн сайын 150 жұп некесін бұзады екен. Бұл мәселе депутаттарды да алаңдата бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Күні кеше Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай ерлі-зайыптылардың ажырасу процесін 6 айға дейін ұзартуды ұсынды. Дамыған елдерде бұл ұзақ әрі қымбат процесс екен. Ал біздің елде 2019 жылдың өзінде 59 796 неке бұзылған. Биыл 120 мыңға жуық отбасы ажырасса, оның 60 мыңнан астамы – 18 бен 35 жас аралығындағы жастар.

«Бізге салт-дәстүрімізге сүйеніп, ұрпағымызды қалдыруға не кедергі? Әлеуметтік жағдайға ғана сілтеме жасау қисынды ма? Ажырасу кезінде балалар көп зардап шегеді. Мүлікті бөлу, балалардың тұрғылықты жерін анықтау туралы дау, алимент, туыстық қатынастардың үзілуі және моральдық-әлеуметтік қиындықтар көп», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай.

2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін 709 600 неке тіркелген, ал ажырасқан отбасылардың саны – 274 500. Яғни, тіркелген некемен салыстырғанда, ажырасқандар саны 35 пайыздан 43 пайызға бір-ақ өскен. Ал кейінгі 5 жылда күніне 389 неке тіркеліп, 150 отбасы ажырасқан. Қоғам белсендісі Тұрар Сәттарқызы соңғы жылдары адамдардың мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін жаппай жалған ажырасатынын айтып отыр. Ал мамандардың сөзінше, 70 пайызға жуығы екі себеппен ажырасады. Біріншісі – психологиялық сәйкессіздік болса, екіншісі – экономикалық жағдай.

«Өзіміз 1999 жылы некемізді қиғанбыз. Ылғи сол тұстан өтіп бара жатып, жүрегім ауырады. Бізде қазір мемлекет меншігіндегі ғимарат та жоқ қой. Бәрі жекеменшіктікі. Ал бұрын ЗАГС-терде тіркелуге барғанда бір ай уақыт беретін. Ол уақыт ішінде сен ойланасың, медицина қызметкеріне барасың, психологқа барасың. Сондай дүниені біз қайтып алып келуіміз керек», – дейді қоғам белсендісі Тұрар Сәттарқызы.

Мамандар отбасын сақтаудың арнайы бағдарламасын қабылдау керек деп отыр. Ең алдымен, отбасы құндылығын барынша дәріптеуге баса назар аударылса, қоғамда мұндай проблема туындамайды. «Отбасылы адам», «балалы ана», «көпбалалы ана» ұғымдарын жалпы жұрт қызығатын, құрметтейтін, мойындайтын құбылысқа айналдыру қажеттілігі айтылып та жүр.

Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы