Қанат Шарлапаевтың айтуынша, тозу деңгейін 43 пайызға төмендету мақсатында жұмыс жүргізіледі
Қазақстанда жылу желілерінің жартысынан көбі тозған. Шамамен 7 мың шақырым құбыр ауыстырылуы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Құрылыс және өнеркәсіп министрі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомство басшысының сөзінше, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды облыстарындағы жылу желілері сын көтермейді. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, тозу деңгейін 43 пайызға төмендету мақсатында жұмыс жүргізіледі.
– Ол үшін жыл сайын шамамен 350 шақырым жылу желілерін жөндеу қажет. Оған жылына шамамен 250 млрд теңге қаражат керек. Өткен жылы қаржыландыру көздері есебінен 336 шақырым жылу желілері жаңғыртылды, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев кәсіпкерлерге қатаң ескерту жасағандай болды. Ол елде заң бұзғандарға салынатын айыппұл көтерілетінін жеткізді. Ведомство басшысының сөзінше, электр стансалары мен өңірлік электр желілік компанияларға тексеру жүргізу кезінде Кәсіпкерлік кодекстің талаптары алып тасталған. Сонымен қатар Алмасадам Сәтқалиев алдағы жылыту маусымында атқарылуы керек біршама жұмысты жіпке тізді.
– Барлық жөндеуді толық көлемде орындау қажет. Министрлік жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын тездету керек. Су тасқыны кезінде пайдаланатын отынның авариялық қорын толықтыруы тиіс, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Оқи отырыңыз: Ащы судың зардабы: Алматыда 11 жол-көлік оқиғасы тіркелді