Қаралуы тиіс 71 заң жобасы бар
Парламенттің қос палатасы екінші сессияда 179 заң жобасын қарап, 102-сін қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
28 маусымда Мәжіліс пен Сенат депутаттары жұмысын қорытындылап, атқарылған істерді жіпке тізді. Осы сессияда дәрігерлердің мәртебесіне, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік төлемдеріне, вейптерге қатысты құжаттар қабылданды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов созбалаңға салынып кеткен заңдарды атады. Депутаттық сауалға сырғытпа жауаптар келетінін де айтты.
Сессияда "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" формуласының тиімділігі дәлелденген деп есептейді төраға.
Оның айутынша, депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға өзгерістер енгізді. Несие беру кезінде қауіп-қатерлерді барынша төмендетуді көздейтін заң қабылдады. Вейптерге тыйым салынды, букмекерлік кеңселердің жұмысына қатысты да шектеулер енгізілді. Ерлан Қошанов парламент қоржынында қаралуы тиіс 71 заң жобасы барын айтты.
- Депутаттық корпус енді бюджет, салық, құрылыс, су кодекстері бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар біз мүлдем жаңа Цифрлық кодексті күтіп отырмыз. Алдымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажет, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінен депутаттық сауалдарға салғырт қарамауды сұрады. Сонымен қатар кейбір заң жобаларына қорытынды шығаруға 8-9 айға дейін уақыт кетіп қалады екен. Төраға осындай бюрократиялық кедергілерді алып тастап, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Үкіметтің жұмысына 10 балдық көрсеткішпен 4,5 деген баға беріп отыр.
- Көбіне сырғытпа, шығарып салма жауаптар келіп жатыр. Енді бұған Премьер-министрден бастап, Үкімет мүшелері терең түбегейлі айналысамыз деген уәде берді. Алдағы сессияда көреміз, біз елден оралған соң бұл бағытпен тағы жұмыс жалғастырамыз, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
Ал Мәжіліс депутаты Абзал Құспан министрлер кабинетіне екі апта сайын депутаттық сауал жолдап отырған. Арасында қанағаттанарлық жауаптар да бар. Абзал Құспан заң жобаларын қазақ тілінде дайындауға ықпал еткен депутаттардың бірі саналады. Ол Үкіметтің жұмысына орташа деген баға берді.
- Қанағаттанбайтын тұстарымыз бар. Әсіресе экономика саласында. Өндіріс саласында жағдай өте төмен. Мысалы Үкімет мүшелерінің ішінде Тамара Қасымқызының келуімен көптеген оң өзгерістерді байқап жатырмын. Ол кісі тікелей байланысқа шығып, "формалды емес, басшылық арқылы емес жекелеген депутаттармен осындай мәселе көтеріп жатырсың, мынандай комиссияға кел" деп нақты жұмыстарды бастап жатыр. Әлеуметтік сала бұрынғыдай емес, депутаттық корпусқа бет бұрды деп айтуға болады, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.
Жалпы, сессияда палаталардың 5 бірлескен отырысы, мәжілістің 39 отырысы және сенаттың 43 отырысы өтті. 2024 жылы жиындарда 179 заң жобасы қаралып, 102-сі қабылданды.
Айта кетейін, енді палата депутаттары парламенттік каникулға кетеді. 1 ай бойы олар өңірлерді аралап, халықпен кездеседі. Қыркүйекте қайта жұмысқа кіріседі.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана.
Оқи отырыңыз: Парламент депутаттары каникулға кетті