Мопед жүргізуге куәлік қажет болады

Almaty.tv
Almaty.tv
Құрылғыны рәсімдеу жолдары қарастырылып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде мопед жүргізушілеріне қатысты жаңа тәртіп енгізіледі. Енді олардан «А1» санатындағы міндетті жүргізуші куәлігі талап етіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мопед көлігімен қозғалыс кезінде бірқатар шектеу қойылып отыр. Жаңашылдық электронды самокат мінгендерге де қатысты. Депуттаттар бастамасымен әзірленген заң жобасы 17 сәуірде мәжілісте қолдау тапты.

Мопед тізгіндеген азаматқа міндеттелетін алғашқы тәртіп - тіркеу. Құрылғыны қолдану үшін ол азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет. Бастама ең алдымен жол-көлік оқиғасын азайтуға мүмкіндік береді.

- Күн жылынды, енді мопед мініп, көшеге шығатындар көбейеді. Жолдағы кептеліс, келеңсіз жағдайлар көбіне осы көлік тізгіндеген жүргізушілердің қатысуымен болып жатыр. Енді олар да басқа автокөліктер сияқты бірдей тәртіпке бағынуы керек, азаматтар жауапкершілікті сезінуі керек. Қазір құрылғыны рәсімдеу жолдарын қарастырып жатырмыз. Жұмыс тобын құрып, белгілі бір мерзімді белгілейміз, - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Көшеде құстай ұшып, желмен жарыса жүйткитін қос дөңгелекті көлік түрінің қозғалысы депутаттардың үрейін ұшырып отыр. Өйткені құжат жүзінде мопедтердің қозғалтқыш көлемі 49 текше сантиметр. Ал, іс жүзінде қозғалтқыш көлемі 100 текше сантиметрден асып кетеді.

Вице-министрдің мәліметінше, қазір бұл көлік түрін мінетіндерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Енді олар «А» санатындағы жүргізуші куәлігін алып, жыл сайын техникалық байқаудан өтуге міндеттеледі.

- Қазір азаматтар үшін мопед - ең қолжетімді көлік түрі. Алайда олардың санының артуы жолда көлік апатының көбеюіне әкеп соғады. 2023 жылы мопедтердің қатысуымен 750 жол оқиғасы тіркелді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Бұл ретте ұсынылып отырған заң жобасы жүргізушілерге жауапкершілікті күшейтуге бағытталған, - деді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.

Министрлік өкілі жол қозғалысындағы жантүршігерлік деректерді келтірді. Елде жыл сайын көлік апатынан 2000 адамның өмірі қиылады. Қара жолдағы қаза көбеймесе, кемімей тұрғанын алға тартты. Оған бір себеп - автокөлікті мас күйінде тізгіндегендер артқан. Осы факті бойынша 2023 жылы 22 мың дерек тіркелді. «Мұндайларға жазаны қатаңдату керек» , - деді министрдің орынбасары.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан.

Оқи отырыңыз: Елімізде көлік жылдамдығын тым қатты асырғандарға жаза күшейтіледі

Новости партнеров