Егемен Қазақстан газетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласы жарық көрді, деп хакбарлайды Almaty.tv.
Мақаланың кіріспесі ұлы тұлғалар көнелер күйреп, жаңаның бой көтеріп жатқан тұсында дүниеге келетінінен басталып, сондай тұста туылған Абай ескі қоғам мен жаңа қоғамның арасын жалғаған алтын көпірге теңеледі. Елбасы ұлы ақынды алғаш қалай танығаны, Абайдың мұрасын бала кезінен жадына тоқып өскені туралы жазады. Ол Кеңес империясы құлап, тәуелсіз ел қалыптасқан тұста хәкімнің өсиетіне жүгінгенін жасырмайды. Мақала Абайдың мейірім, татулық, бірлік хақында айтылған шығармаларын қаламға арқау еткен.
«Оқу бар, соны көңілге тоқу бар. Сондықтан Абайды біреулер ауыр, түсіну қиын дейді. Абай түк те қиын емес. Тек оған ынта, ықылас керек. Мына мақаланың бойындағы менің бір түсінгенім – Елбасы осы жағдайға да баса назар аудартады», – деді «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай.
Сонымен қатар, Тұңғыш Президент Абайдың 150 жылдық мерейтойын атап өту сәтін еске алып сол жылдардағы қиын-қыстау кезеңге қарамастан ұлы ақынды ұлықтау өз дәрежесінде өткенін айтады. Абайдың биылғы 175 жылдығы да әлемді жайлаған індетпен тұспа-тұс келгенін жазған. Бірақ келешекке деген сенім мен сындарлы әрекеттің арқасында бұл қиындықты да еңсеретін боламыз деп сенім білдіреді.
«Мақаланың терең мағынасында бірлік, татулық осы жеткен жетістігімізге малданып кетпей, ары қарай тағы да жетістіктерге жетуге әрқайсысымыздың үлес қосуымызды Абай атамыздың әрбір сөзін, әрбір қалдырған өсиетін басшылыққа алуға шақырып отырған мақала», – деді Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова.