Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны орта есеппен 535,3 мың отбасы алды, бұл шамамен 66,9 миллиард теңге, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ақпан айында 538 мың отбасына 33,8 миллиард теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.
Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді.
Көпбалалы отбасылардағы:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде төленеді.
Еске салайық, көп балалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген.
«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 8,5%-ға артқанын атап өтеміз»,- делінген хабарламада.