Жер учаскесінің нысаналы мақсатын қалай өзгертуге болады

29.06.2021 20:47

Өтінішті қарау кезінде мемлекеттік органдар жер учаскесін қаланы дамытудың Бас жоспарына және ауданды егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сәйкес сұратылған мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды

proprof.ru

ҚР Жер кодексінің 109-бабына сәйкес қалалардың, кенттердің, ауылдық елді мекендердің барлық жерлері олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу жобаларына (осы жобалар болған жағдайда) және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады.

Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 49-1-бабымен және «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларымен регламенттелетін мемлекеттік қызмет болып табылады. Бұл қызмет тегін және электронды портал https://elicense.kz/ тиісті өтініш беру арқылы көрсетіледі.

Өтініште мынадай мәліметтерді көрсету қажет:

- жер учаскесінің кадастрлық нөмірі;

- жер учаскесінің сұралып отырған нысаналы мақсаты;

- жер учаскесінің ауданы;

- учаскеге құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарының нөмірі мен күні;

- бюджет кірісіне төлеу қажет болған жағдайда жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнының электрондық актісінің көшірмесі.

Қызмет көрсету мерзімі 13 жұмыс күні, оның нәтижесі жергілікті атқарушы органның нысаналы мақсатын өзгерту немесе өзгертуден бас тарту туралы шешімі болып табылады.

Өтінішті қарау кезінде мемлекеттік органдар жер учаскесін қаланы дамытудың Бас жоспарына және ауданды егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сәйкес сұратылған мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды.

Содан кейін өтініш тиісті қорытынды қабылдау үшін жер комиссиясының қарауына енгізіледі.

Жер комиссиясының қорытындысы негізінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту немесе өзгертуден бас тарту туралы әкімнің қаулысы түрінде жергілікті атқарушы органның шешімі қабылданады, оны порталдың электрондық кабинетінде алуға болады https://elicense.kz/.

Сондай-ақ, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілеріне олардың өтініштері бойынша жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткені үшін төлемді он жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеуге беріледі.

Электрондық қаулыны электрондық порталдың жеке кабинетінен жүктеуге болады.

Қаулының түпнұсқасын (қағаз тасымалдағышта) ЖҚБ кеңсесінен мына мекенжай бойынша алуға болады: Абай даңғылы 90 (Алматы бас жоспары ғимараты), 1 қабат.

Бүкіл сұрақ бойынша 229-21-82 нөміріне хабарласыңыз.