Петропавлда 21 жастағы жігіт 15 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Ол қала көшелерінде монтаждық көбік жағылған көлікпен жүрген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде Петропавл көшелерінде монтаждық көбікпен қапталған көліктің жүйткіп жүрген бейнежазбасы тарады. Видеодан көлікке көбіктің тұтас құйылғанын көруге болады, тек жүргізушіге жолды көру үшін кішкене саңылау жасалған. Бұзақыны полицейлер алысқа ұзатпай ұстады.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сыртына монтаждық көбік жағылған және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері көрінбеген ВАЗ 21063 автомашинасын жүргізу фактісі бойынша патрульдік полиция батальонының қызметкерлері СҚО-ның 21 жастағы тұрғынын жедел анықтап, ұстады.
- Жолда жүру қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 602-бабының 1-бөлігі, 590-бабының 2 және 10-бөліктері, 620-бабы бойынша материалдар жиналды. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша хаттама толтырылды, материалдар процестік шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі. Бұл баптың санкциясына сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу көзделген, - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға қандай ескерту жасады