Жалпы білім додасына 122 оқушы қатысып жатыр
Ұлы ақынның 175 жылдығына орай өтіп жатқан білім додасына еліміздің әр түкпірінен 9-11-сынып оқушылары қатысуда. Шараның мақсаты – Абай мұрасын дамытып, болашаққа құнды күйінде жеткізу, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Екінші рет ұйымдастырылып отырған «Абайтану» олимпиадасына қатысатын оқушылар еліміздің 14 облысы мен 3 қаласынан іріктелген. Жалпы білім додасына 122 оқушы қатысып жатыр. Биыл Абайдың 175 жылдығымен тұспа-тұс келетін олимпиада өткен жылға қарағанда ерекше дейді ұйымдастырушылар.
«Бір айта кететін нәрсе, биылғы жылы бұл олимпиаданың мәртебесі көтерілді деп айтуға болады. Себебі ҚР Білім және Ғылым Министрлігінің 514 бұйрығы бар. Ол бұйрықта беделді олимпиадалардың ғылым сайыстарының тізбесі бекітілген. Сол бұйрыққа өзгеріс енгізіледі де, бұл «Абайтану» олимпиадасы сол беделді олимпиадалардың қатарына қосылатын болады», – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Ғаждембек ТҰРСЫНОВ.
Демек, ендігі уақытта олимпиаданың маңызы болашақ маман үшін өте зор болмақ. Себебі жарыста үздік деп танылған қатысушының, кейін жоғары оқу орнына құжат тапсырғанда, мемлекеттік грантты иеленуге мол мүмкіндігі болады. Одан бөлек жеңімпазға қазақ тілі мен әдебиетін әрі қарай дамытуға, білімін ұштауға жол ашылады.
«Әуезовтың «Абай Жолы» романында Абай бейнесі әлемдік әдебиетте үлкен орын алатын болса, ол Абайды танудың бір қыры ғана. Тереңірек Абайды тану үшін өлеңдеріне, қара сөздеріне, мән-мағынасын аша білуіміз керек дейміз. Міне осы мақсатта өткелі отыр олимпиадамыз», – деді Абай атындағы РММИ директоры Роза СЕКСЕНОВА.
Үлкен дода екі айналымнан тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар Абайдың қара сөздері мен поэзиясына негізделген эссе жазады. Ал екінші айналымда үміткерлер, «Абай Жолы» романынан берілген үзіндінің қай тараудан алынғандығын айтуы керек. Сондай-ақ, берілген өлеңнің адам өміріндегі орны, шығарманы жазудағы ақынның мақсаты, өлең құрылысы, қазақ поэзиясына қосқан жаңалығы сияқты тапсырмаларға мүдірмей жауап беруі шарт.
«Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат ғадауатпен майдандасқан
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
Амалсыз тағдыр біреуге кез болмай ма?
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?
Асау жүрек аяғын шалыс басып
Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?
Абайдың өлеңін осылай жатқа айтатын оқушылар үшін бұл жарыс бір жағынан шығармашылық шабыт алаңы сияқты. Олимпиада қорытындысы ертең белгілі болады. Жүзден жүйрік шыққан қатысушылар дәрежелі дипломдармен марапатталып, болашақ мамандығын айқындамақ.
Назкен Еркін, Валерий Таубалдиев «Алматы» телеарнасы.