Қолқаны қапқан қаңсық иістен түншыққан елордалықтар наразылыққа шықты

10.06.2022 03:31

Үйдің жертөлесіндегі құбырлар әбден тозығы жетіп, шіріген

Almaty.tv

Елордада 120 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй апатты жағдайда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшсі.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік көшесі 62-үйдің тұрғандары шешілмеген мәселе шаш етектен дейді. Олардың айтуынша, ПИК-ке ай сайын төлем жасаса да, тұралап қалған түйткілдің түйіні тарқар емес. Үйдің жертөлесіндегі құбырлар әбден тозығы жетіп, шіріген. Тобықтан

2017 жылы үйді апатты деп тану үшін арнайы комиссия шақыртылыпты. Ол 63 пайызға қауіпті деген шешім шығарған.

«Ақша жиналады. Қайда кетіп жатқаны туралы есеп те берілмейді. Жертөледе жиналып жатқан кәріз суының иісінен тұншығып, уланатын болдық. Маса, түрлі жәндіктер үйімізді басып кетті. Үйдің тұрғызылғанына 60 жыл. Біз осы мәселемен күресуден шаршадық. Әкімдіктің барлық басқармаларына жаздық. Еш нәтиже жоқ», – деді қала тұрғыны Әсел Мәденова.

Оған қоса қабырғаларының арасы ашылып кеткен. Үй кіреберісіндегі электр желілері ашық күйде жатыр. Кез келген уақытта сымдар тұйықталып, өрт шығуы мүмкін деп қорқады тұрғындар.

«Қыстың күні суы қатып қалады. Ас үйге кіру мүмкін емес. Шыбын, маса құтыла алмады. Электр жарығы жарқ-жұрқ етіп тұрады», – деді қала тұрғыны Мария Тобажарова.

Ал ПИК төрағасы қаражат жетпейтінін, ай сайын тұрғындардан 200 мың теңге ғана жиналатынын айтады. Оның өзі жұмысшылардың айлығынан аспайды деп отыр.

«Жертөледе көктем және күз кездерінде су жиналатыны рас. Ескі үй ғой. Жағдай мүлдем мүшкіл деп айтпас едім. Ондай жағдайлар әр үйде болып тұрады. Шаршы метріне 45 теңгеден төлеу деген дым емес. Жетпейді қаражат», – деді ПИК төрағасы Жанат Әлжанов.

Әкімдіктегілер мәселеге қатысты тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Тиісті басқарма өкілдері тұрғындарға пәтер иелері кооперативінің төрағасын ауыстырып, мүлік иелері бірлестігін құруға кеңес берді.

«ПИК басшысына ұйғарым берілді және әкімшілік материалдар жазылды ол кісіге. Егер екі аптаның ішінде аталған бұзушылықтарды орнына келтіріп жөндемесе, біз ары қарай материалдарды сот органдарына беретін боламыз», – деді Сарыарқа ауданы Тұрғын-үй инспекциясының бөлім басшысы Еркебұлан Көшкінбай.

Ал үйді апатты жағдайда деп тану қарастырылмаған. Амалдары таусылып, үй құлап қала ма деп әбден зәрезап болған тұрғындар енді кімнен көмек сұрарын білмей дал. Қала әкімі назарға алып, қауіптің алдын алар деп үміттенеді.

Асылбек Тойбек,Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы