Әр өңірдің ауа райы жағдайына бейімделген ауыл шаруашылығын жүргізудің жаңа жүйесіне, яғни тәуекелдерді басқару режиміне ауысуымыз керек. Үкімет басшысына жолдаған сауалында Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев климаттың жаһандық жылынуы себебінен Қазақстан аумағында ауа температурасы 40 жылда орта есеппен 0,34 градусқа ұлғайғанымен түсіндірді. Яғни болашақта құрғақ жылдар қайталануы мүмкін деген болжамын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv
Сенатор биылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақсыздығын және қаншалықты ауа райына тәуелді екенін көрсетті деп сынға алды. Дәл осындай табиғи апаттар орын алатын дамыған аграрлық елдердің ешқайсысында біздегідей өнімділіктің төмендеп кетуі кездеспейді екен.
«Біріншіден, гидромет қызметін жаңғырту қажет. Ауа райының нақты болжамының болмауына байланысты фермерлеріміз егін егудің оңтайлы мерзімін анықтай алмай отыр. Есептеулер бойынша биыл Қазақстанның солтүстік облыстарында дәнді дақылдарды ерте себудің салдарынан өнімнің үштен бір бөлігінен айырылып отырмыз. Екіншіден, депутаттар отандық сорттардың селекциясын дамыту мәселесін бірнеше рет көтерді. Құрғақшылыққа төзімді сорттарды тек биотехнологиялық заманауи әдістер негізінде ғана жасауға болады. Алайда мұндай зерттеулерді қажетті көлемде қаржыландыру мәселелері әлі де шешілген жоқ», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.
Ал, сенатор Андрей Лукин еліміздегі мемлекеттік экологиялық бақылаудың сапасына көңілі толмайтынын айтады. Сөзінше, олқылықтар мен кемшіліктер жүйелі түрде тіркелгеніне қарамастан, экологиялық жағдайға мониторинг тиісті деңгейде жүргізілмей келеді.
«Тіпті, ластанудың көздерін анықтау бойынша шаралар қабылданбай отыр және заң бұзушылықтарды жою, залалды өтеу жұмыстары да нашар жүргізілуде. Соңғы 2 жылда еліміздің аумағында атмосфералық ауаның жоғары деңгейдегі ластануы бойынша 1296 жағдай тіркелген. Сондай-ақ, су қоймаларында 934 ластану дерегі анықталған. Соған қарамастан ластану көздері анықталмай отыр және жыл сайын 1,5 млрд теңге жұмсалатын қоршаған ортаның жай-күйін бақылау материалдары да қолданылмай келеді», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин.