Сенат Еңбек кодексі мен «Кәсіподақтар туралы» заңға енгізілетін өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еңбек дауын бейбіт түрде шешу үшін қолданыстағы заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Жұмысшыларға бір сағаттық ескерту ереуілдерін ұйымдастыруға рұқсат беріледі. Ол арыз беру, бітімгерлік комиссиясы, еңбек арбитражы сынды 3 кезеңмен жүргізілмек. Қызметкердің шағымы оң шешімін табу үшін оған 11 күннен 33 күнге дейін уақыт беріледі.
«Қабылданып отырған заң жобасына сәйкес, ереуіл өткізу туралы шешімді жұмысшылардың басым бөлігі қолдаса жеткілікті. Құжатта бір сағаттық ескерту ереуілін қарастырып отыр. Мұны бітімге келу және келіссөз кезінде жүзеге асыруға болады. Тағы бір айта кетерлігі, жұмыс беруші ереуіл өткізетін орын бөлуге міндетті. Жалпы өзгерістің негізгі міндеті – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келіспеушілікті оңай шешуге мүмкіндік жасау», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Жоғары палата отырысында депутат Нұртөре Жүсіп Алматыдағы зағип балаларға арналған мектеп – интернатының мәселесін көтерді. Сенатордың айтуынша, білім ошағына қосымша ғимарат қажет. Халық қалаулысы қазір елде телефонға телмірген балалардың көз жанарының әлсіреуі көбейгенін де атап өтті. «Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына 7 ауыз сөзді әзер айтатын буын өсіп келе жатыр» деп өкінішін жеткізді.
«Бізде көзі көрмейтін бала саны жыл санап өсіп келеді. 2022 жылы Алматыда 50 мың бала дүниеге келген. Көздің тор қабығы дамымай, есту қабілеті бұзылған 44 сәби тіркелген», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Парламенттегі партияларды қаржыландыру сомасы қайта қаралуы мүмкін. Қазір бұл қаржы – 11,8 млрд теңге. Қаржыландыру көлемі Орталық сайлау комиссиясының өтініші негізінде қарастырылады.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы