Айына 28 мың теңге: Қосшы тұрғындары электр энергиясы тарифінің қымбаттағанына наразы

21.01.2021 20:49

Елдімекенде қызмет көрсететін екі компанияның тарифі екі бөлек

Almaty.tv

Елорда іргесіндегі Қосшы кентінің тұрғындары электр энергиясының тарифі қымбаттағанына шағымданды. Бір ғана жарыққа айына 28 мың теңге төлейтінін айтады. Ал, елдімекенде қызмет көрсететін екі компанияның тарифі екі бөлек. Қаржысынан қағылып отырған тұтынушылар бұл әділетсіздік дейді. Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Қосшы кентінің жартысын жарық қуатымен АРЭК, ал кейбір бөлігін КИПЭСТ компаниясы қамтамасыз етеді. Алайда екі компанияның қызмет құны екі бөлек. Тұтынушылар айына төлеп жатқан жарық көзінің қымбаттығына наразы.

«КИПЭСТ-ке қарайтын тұрғындардың айына шаққандағы жарық бағасы АРЭК-ке қарағанда екі-үш есе артық төлейміз. Өйткені біздің тарифте 1 квт 17 тенге 11 тиын және 2,5 мың 3 мың теңгеге мына біз солардан жарық алып отырған КИПЭСТ-ке ақша төлейміз. Олар қызмет көрсеткені үшін төлейміз. Бізге желтоқсан айына 28 мың тенге келіп тұр. Сондықтан біз КИПЭСТ-ті АРЭК-ке қосып, алып отырған энергия АРЭК-тің балансына өтсе», – деді Қосшы кентінің тұрғыны Рауан Кішкеев.

«Түнде көшенің бойында жарық жоқ, КИПЭСТ-те жоқ. Жүргізушілерге өте қауіпті. Мына жаяу жүрушілерге де қауіпті», – деді Қосшы кентінің тұрғыны Қанат Тоқбайұлы.

Мында тұрған ескі трансформаторды 20-шағын ауданының тұрғындары өз қаражатына сатып алған. Бірақ бір құрылғы 40 отбасына жетпейді екен. Сондықтан тұтынушылар аппараттың саны көбейсе дейді.

Әкімдік халықтың проблемасынан хабардармыз дейді. Кентті электрмен жабдықтау жобасы 2009 жылы әзірленгенін жеткізді. Ол үшін 1 млрд-тан астам қаржы бөлінген. Алайда жұмыс басталған соң ортасына жеткенде мердігер компания жабдықтарды ұрлап кеткен-мыс. Осылайша электр желілері толық тартылмай қалған. Сол себепті КИПЭСТ мекемесі құрылып, ол АРЭК-тен электр қуатын алып ортада делдал қызметін атқарып отыр.

«Адамдар бұрын генератордан бензинмен жарық алып отырды. Бір-бірінен көршілері арқылы тоқ тартып пайдаланды. Сол кезде тұрғындарды сапалы жарықпен қамтамасыз ету керек болды. АРЭК-тен алынатын жарықтың келісімшарты өзінің желілерімен жасалған. Жоғалған жарыққа, қызметкердің айлығына төленетін болғандықтан тариф жоғары», – деді Целиноград ауданының тұрғын үй коммуналдық қызметінің тексеру бөлімінің жетекшісі Валерий Асанбаев.

Ал, АРЭК-ке жүйелерді толық өткізу үшін Заң тұрғысында біраз қиындық бар дейді компания басшылығы. Алайда осы жылдың мамыр айында бұл жұмыстар орындалып қалар деп үміттеніп отыр. Ал, әзірге жарық үшін тұрғындарға қыруар қаржы төлей беруден басқа амал жоқ.