Германияда тұратын қазақстандық Арман Болысбеков қазы айналдырып, оны сатумен айналысады. Ол алдағы уақытта қазыны бренд қылып, Германия аймағына таратқысы келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі turkystan.kz-ке сілтеме жасап.
Арман Болысбеков Германиядағы автомобиль құрастырудың отаны саналатын Штутгарт аймағында тұрады. Онда әлемге әйгілі Mercedes-Benz компаниясының зауытында автоматтандыру бойынша электрші қызметін атқарады. Жұмыстан тыс уақытта Қырғыз Республикасы мен Молдавиядан келген досы үшеуі қазы айналдырып, оны сатумен айналысады.
«Елде жүргенде үнемі қазы жасайтынбыз. Германияға қоныс аударған соң, қазы әзірлейтін жерді іздеп таба алмадық. Сосын жылқы етін сатып алып, алғашында тек өзіміз үшін жасап жүрдік. Бірде Германияда құрылған «Qazan e.V.» атты неміс-қазақ қауымдастығының төрағасы Валерий Оствальдпен кездескенде ол «Сен неге қазы жасап сатпайсың? Біріншіден, ақша табасың, екіншіден, ұлттық тағамды насихаттайсың, үшіншіден, атажұрттың дәмін сағынып жүрген жандарға «жақсылық» жасайсың» деп идея беріп, қанаттандырып жіберді. Сөйтіп, бастапқыда бұл іспен 5 жыл бойы жалғыз өзім айналысып жүрдім. Сосын сол қауымдастық арқылы Қырғыз Республикасынан келген Виктор есімді жігітпен таныстым. Ол Германияда қасапшының оқуын оқыған, тиісінше оған шұжық өнімдерін әзірлеуге рұқсат етілген.
Айта кетерлігі, Германияда шұжық өнімдерін әзірлеп, сату үшін арнайы рұқсатнама алуың қажет. Әйтпегенде бұл өнімдерді заңсыз түрде сататын болсаң, тергеуге алып, тіпті түрмеге қамап қоя алады. Сосын арамызға Молдавиядан келген Виталий қосылды. Виктор қазының не екенін бұрыннан біледі екен, бірақ бұған дейін жасап көрмеген. Ал Виталий қазы секілді тағам түрінің бар екенін осында келіп білді, бірақ ол қазыны бірден ұнатты. Сөйтіп, қазір соңғы 2 жылда осы екеуімен бірге қазы айналдырып, тапсырыстар аламыз», – дейді Арман.
Бір қызығы, қазыға көп тапсырыс беретіндер Қазақстанда туып-өскен, қазір Германияда тұратын немістер екен.
«Меніңше, олардың басым көпшілігі тек қазы жейтін секілді. Сосын олар қазыдан сорпа әзірлейді. Оның үстіне, олар қазының нағыз табиғи өнім әрі жегенге «жеңіл» екенін жақсы біледі. Немістерден бөлек, осында тұратын 3-4 қазақ отбасы да жиі тапсырыс береді», – деді ол.
Ендігі Арманның мақсаты алдағы уақытта қазыны брендке айналдырып, Германия аумағындағы дүкен сөрелеріне қою.
«Осында орыстардың ірі дүкендер желісі кең таралған. Бұл дүкендердің сөрелерінде орыстардың дәстүрлі тағамдары көптеп сатылатыны айтпаса да түсінікті. Бір танысымыз арқылы сол дүкендердің біріне екі-үш рет қазы қойып, сатқан едік, тез арада өтіп кетті. Алдағы уақытта жекелей клиенттерден бөлек, сол орыс дүкендеріне арнайы тапсырыспен әзірлегіміз келеді. Бүгінде бұл өнімді өтімді ету үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Қазір сыртқы қаптама, сондай-ақ вакуумдық орауыштың қалай болатынын ойластырып жатырмыз. Одан бөлек, құрамы мен қайда жасалғанын білдіртетін жапсырма қағаз әзірлеудеміз. Сонымен қатар сыртында қазақ өнімі екенін білдіретін өрнек салу ойымызда бар», – дейді Арман.