Қызғалдақ, раушан, бөртегүл, таушымылдық – 2022 жылы сәнге айналған гүлдер. Өйткені биыл нәзік жанды арулардың таңдауы дәл осы гүлдерге түсіпті. Жалпы жыл басынан бері Қазақстанға құны 8,5 миллион доллар болатын, салмағы 1085 тонна гүл әкелініпті. Алайда флорист мамандар 8 наурызға қарсы гүлдің бағасы қымбаттағанын айтып отыр. Олардың құны тағы көтерілмесе, түспеуі мүмкін дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі жақындап келеді. Нәзік жанды аруларды құттықтауға асыққан ер азаматтар бүгіннен бастап сыйлық жасауға кірісіп кеткен. Дүкендерде қызу жұмыс жүріп жатыр. Мамандар ең көп сұранысқа ие гүлдер қатарында қызғалдақ, раушан, бөртегүл, таушымылдық, лалагүл және бақытгүл бар дейді. Алайда олардың құны 50 пайызға шарықтапты. Мәселен ең төменгі баға 4 900 теңге болса, ең қымбаты 150 мың теңгеге дейін барған. Бұған қаржы нарығы мен Ресейге салынған санкциялар әсер етіпті.
«Қазір гүлдер жеткілікті көлемде бар. Өйткені біз өзіміз Алматыда қызғалдақ өсіреміз. Сонымен қатар Беларусь мемлекетінен де алдырамыз. Айта кету керек, гүлдер қымбаттады. Өйткені доллар бағамы өсіп кетті. Ал біз Голландиядан гүлдерді еуромен аламыз. Ол логистикаға әсер етіп жатыр. Алдағы уақытта да баға өспесе, түспейді. Мәселен біз Голландиядан 25 дана раушан алсақ, ол 1 қорап болып саналады. Біз өте көп мөлшерде тапсырыс бергендіктен, салық та ұлғайып кетті», - деді флорист Михаил Аскаров.
Гүл бағасының қымбаттағанын қала тұрғындары да байқадық дейді. Бірақ сүйікті жары мен әріптестерінің көңілін көтеріп, сыйлық жасау маңыздырақ дегенді алға тартты.
«Міне, әріптестеріме раушан гүлдерін алып жатырмын. Бәріне бірдей етіп таңдау керек. Әрине, бағасы да ойға қонымды болса жақсы», - дейді қала тұрғыны Жақып Матаев.
«Әріптестерімізге 8 наурызға гүл алып жатырмыз. Өйткені бұл – қыздардың мейрамы. Біз қораптағы раушан гүлімен құттықтаймыз», - дейді тағы бір тұрғын Әкім Сыдықов.
«Таңдауымыз қызғалдақтарға түсті. Өйткені бұл 8 наурыздағы дәстүр ғой. Көктемдегі алғашқы мереке, алғашқы гүл. Сондықтан тек қызғалдақ», - дейді енді бір тұрғын.
Жалпы жыл басынан бері 2 айдың ішінде елімізге құны 8,5 миллион доллар болатын, салмағы 1085 тонна гүл әкелініпті. Соның ішінде сұраныс ең жоғары раушан гүліне 6 миллион доллар жұмсалса, Бақытгүліне 883 мың АҚШ доллары кеткен. Үшінші орында қалампыр тұр. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, гүлдерге тапсырыс көбіне Нидерланды, Бельгия, Германия, Эквадор, Литва, Колумбия, Өзбекстан және Түркия елдеріне беріледі екен. Сонымен қатар өз елімізде өсіріп отырған жылыжайлар да бар.
Айта кету керек, отандық гүлдер де шет мемлекеттерде сұранысқа ие. Былтыр 17 тоннадан аса гүл экспортталған.
2022 жылы Қазақстанға әкелінген гүлдер:
1085 тонна – 8,5 млн доллар;
Раушан – 724 тонна – 6 млн доллар;
Бақытгүл – 97 тонна – 883 000 доллар;
Қалампыр – 28 тонна – 165 000 доллар.
Мамандардың айтуынша, биыл қарапайым реңктегі гүлдер сәнде екен. Мәселен, ашық қызыл, ашық сары немесе күлгін түсті гүлдер қыз-келіншектер мен ақ жаулықты әжелеріміздің көңілін көтереді екен. Ал егер ер азаматтарымыз таңдау жасай алмай қиналса, онда әрине, раушан гүлі – таптырмас сыйлық. Бірақ әйелдер қауымы үшін гүлдің ақ немесе көк түсті, қымбат немесе арзан болғаны маңызды емес. Ең бастысы, ақ ниетпен, шын жүректен сыйласа болғаны. Сондықтан барша аруларымыз осы гүлдердей құлпырып, жайнап жүре берсін деп тіледік.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы